«АРУАҚ САНАУ» ӘДІСІ: Аштық құрбандарын азайтудың астарында не бар?
18 тамызда «Купол Юрты» YouTube-арнасында «Кто пишет нашу историю?» деген сұхбат жарық көрді.
Бағдарламаға қоғам белсендісі Наталья Асеева қатысып, Қазақстан тарихындағы бірнеше тақырыпқа, соның ішінде ашаршылыққа қатысты қалыптасқан тұжырымдарға күмән келтірді. Бағдарламаның жеке бір бөлігі «Ашаршылықта шын мәнінде қанша адам қаза тапты?», «Миллиондаған құрбан туралы дерек қайдан шықты?» және «Қазақ геноциді» тақырыптарына арналды. Асеева сұхбат барысында «миллиондаған адам қаза тапқан жоқ» деген мазмұнда пікір айтып, демографиялық шығынды есептегенде Қазақстаннан босып кеткен халықты ескеру керегін алға тартты. Сондай-ақ ол Дмитрий Верхотуровтың «Казахский геноцид», которого не было» атты кітабын маңызды еңбек ретінде атаған. Сұхбаттан кейін бұл пікірлер әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Біз де үнсіз қалмауды жөн санадық.
Ашаршылық қанша қазақты жұтып тынды?
Қазақстандағы ашаршылықты ұзақ жылдар зерттеген америкалық тарихшы Сара Кэмеронның «Аштық жайлаған дала» еңбегінде 1930-1933 жылдары 1,5 миллионнан астам адам аштықтан өлгені айтылады. Бұл сол кездегі Кеңес одағы құрамындағы Қазақстан халқының шамамен төрттен бірі еді. Құрбандардың басым көпшілігі қазақтар болған. Кэмерон Қазақстан мен Ресей архивтерінің материалдары, партиялық құжаттар, естеліктер мен демографиялық зерттеулер негізінде осындай қорытындыға келеді. Италиялық тарихшы Никколо Пьянчола өз зерттеулерінде демограф Сергей Максудовтың есебіне сүйеніп, 1931-1933 жылдардағы аштықтан 1 млн 450 мыңға жуық қазақ, яғни сол кездегі қазақтардың шамамен 38 пайызы қырылғанын айтады. Бұл – Кэмерон келтірген санға өте жақын көрсеткіш.
Француз зерттеушісі Изабель Оайонның есебі тағы бір маңызды мәселені айқындайды. Оның зерттеуінде 1 млн 150 мыңнан 1 млн 420 мыңға дейін қазақтың аштықтан опат болғаны, ал 600 мыңға жуық адамның Қазақстаннан біржола көшіп кеткені бөлек көрсетіледі. Яғни бұл есепте босқындар өлгендердің қатарына автоматты түрде қосылмаған. Қазақстандық зерттеушілердің есеп-қисабы бұдан да жоғары. 1990 жылдардың басында жұмыс істеген Жоғарғы кеңес комиссиясының материалдары мен кейінгі зерттеулерде 2,2 миллионнан астам адам шығыны болғаны туралы дерек кездеседі. Тарихшы Талас Омарбеков 1931-1933 жылдардағы аштықта 2,3 млн қазақ қырылды деген дерек келтіреді. Оның айтуынша, 1991-1992 жылдары ашаршылықты зерттеген парламенттік комиссия да қазақ халқының жартысына жуығын жоғалтқаны жөнінде қорытынды жасаған.
Асеева қандай дерекке сүйенген?
Асеева көтерген негізгі уәждің бірі – халық Қазақстаннан Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Қытайға кетті, ендеше, екі санақ арасындағы айырманың бәрін қаза тапқандар деп көрсетуге болмайды. Аштық жылдары халық босып кеткені рас. Мұны ешбір зерттеуші жоққа шығармайды. Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының 2010 жылы Қазақстанға қатысты материалында аштық кезінде республикадан 1 миллионнан аса адамның кеткені, кейін олардың 414 мыңы қайтып келгені, ал шамамен 616 мыңы Қазақстаннан тыс жерде қалғаны көрсетілген. Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран және басқа елдерге кеткен қазақтар да болды.
Тағы бір айта кетерлігі, ашаршылықты тек өлгендердің санымен бағалау да жеткіліксіз. Ең алдымен сол апаттың қалай пайда болғанына қарау керек. 1928 жылы Қазақстанда байларды тәркілеу басталды. Одан кейін жаппай ұжымдастыру, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды күштеп отырықшыландыру науқаны жүрді. Қазақ даласына астық пен ет дайындаудың жоғары жоспарлары түсірілді. Мал шаруашылығына негізделген дәстүрлі экономикалық жүйе бірнеше жылдың ішінде күйреді. 1928-1934 жылдардағы азық-түлік дағдарысы мен аштық жергілікті көшпелі мал шаруашылығының ерекшеліктерін ескермей жүргізілген жаппай ұжымдастыру саясатының салдары болды. Ұжымдастыру алдында Қазақстанда шамамен 40,5 млн бас мал болған. 1933 жылдың басында соның 4,5 миллионы ғана қалған. Яғни бірнеше жыл ішінде мал басының 90 пайызға жуығы жойылды. Көшпелі қазақ үшін мал – тіршіліктің көзі. Ет пен сүт – азық, жылқы мен түйе – көлік, қой мен ешкі – киім мен тұрмыстың көзі. Сол жүйеден малды алып тастағанда адамның өзін асырау мүмкіндігі де жойылды.
Бұл кезде Мәскеу мен Алматы елдегі жағдайдан бейхабар болды деу де қиын. 1932 жылы 4 шілдеде Ғабит Мүсірепов бастаған бес азамат Голощекинге әйгілі «Бесеудің хатын» жолдап, ауыл шаруашылығының күйреуі мен халықты жайлаған аштық туралы ашық жазды. Тұрар Рысқұлов та Сталинге Қазақстандағы босқындар мен аштықтың ауқымы туралы бірнеше рет мәлімет жеткізді. ОГПУ-дың құпия жеделхаттары мен партиялық есептерде де аштан өлген адамдар, қаңыраған ауылдар, азық-түлік тапшылығы туралы деректер бар.

Адам жегендер туралы сұмдық деректер
Ашаршылықтың ең қорқынышты дәлелдерінің бірі – адам етін жеу фактілері. 1932 жылы 4 тамызда ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілдігі Голощекинге Атбасар ауданындағы жағдай туралы ақпарат жолдаған. Құжатта 1 сәуір мен 25 шілде аралығында 111 адамның аштықтан өлгені және адам етін жеудің бес оқиғасы тіркелгені жазылған. Ал 1933 жылы 7 шілдедегі ОГПУ-дың аса құпия хабарламасында наурыз-мамыр аралығында Қазақстанның жекелеген аудандарында 7 мыңға жуық аштан өлу дерегі тіркелгені, сол уақытта 67 адам етін жеу оқиғасы анықталғаны айтылады.
1933 жылы 31 наурыздағы тағы бір арнайы мәліметте Әулиеатада – қазіргі Таразда – базарда піскен адам етімен ұсталған әйел туралы дерек кездеседі. Сот-медициналық сарапшы оның алты-жеті жастағы баланың денесі екенін анықтаған. Құжат Ресей ФҚҚ Орталық архивінің қорында сақталған және «Голод в СССР. 1929-1934» құжаттар жинағында жарияланған. Әрине, бұл деректерге қарап «Қазақстанда жаппай каннибализм болды» деп түсіндіру қате. Бірақ олар қоғамдағы қалыпты өмірдің қандай деңгейге дейін күйрегенін көрсетеді.
«Геноцид болған жоқ»
Наталья Асеева сұхбатында ерекше атаған еңбектің бірі – ресейлік автор Дмитрий Верхотуровтың 2021 жылы шыққан «Казахский геноцид», которого не было» кітабы. Кітап авторы Қазақстандағы аштық жөніндегі кең тараған тұжырымдарға қарсы шығады. Оның нұсқасы бойынша, «ашаршылықта миллиондаған қазақ қаза тапты» деген пікір дұрыс емес. Кітаптың ресми сипаттамасында Верхотуров «адам шығыны 650 мыңнан аспайды» деп көрсетеді. Автор мұнымен де шектелмейді. Кітаптың кіріспесінде «қазақ геноциді» тұжырымын тарихи миф ретінде жоққа шығаруды өзінің негізгі мақсаттарының бірі екенін жазады.
Мұндай пікір Қазақстанның ақпарат кеңістігінде бұрыннан бар. Мәселен, соңғы жылдары жекелеген қоғамдық-саяси топтар да «ашаршылық болды, бірақ құрбандар саны әдейі өсірілген және геноцид болған жоқ» деген ұстанымды таратып жүр. Әрине, тарих ғылымында ешбір сан қасиетті догма болуға тиіс емес. Ертең жаңа архив ашылып, бұрынғы есеп өзгеруі мүмкін. 1,5 миллионды 1,4 миллионға түсіретін дәлел табылса, тарихшы оны қабылдауға міндетті. Дәл сол сияқты 2 миллионнан асатын шығынды дәлелдейтін жаңа деректер табылса, ол да есепке алынуы керек. Бірақ бір кітаптың жарық көруі ғылыми консенсустың өзгергенін білдірмейді. Верхотуров ұсынатын «650 мыңдық меже» Сара Кэмеронның, Изабель Оайонның, Никколо Пьянчоланың және Қазақстандағы демографиялық зерттеулердің көпшілігінен айтарлықтай төмен. Оның үстіне Оайон еңбегінде «көшкендерді өлдіге санау» мәселесін арнайы бөліп қарайды да, сонда да бір миллионнан астам қазақтың қырылғанын жазады.
Ашаршылық неге геноцид деп саналмады?
Бұл мәселе де көптен бері талқыланып келеді. Мысалы, украиндер ашаршылықты «голодомор» деп таныды. Алайда геноцидке келгенде көбінде ғалымдар БҰҰ жарғысына сүйенеді. Нақтысы – 1948 жылы қабылданған Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы БҰҰ конвенциясы. Конвенцияның II бабында геноцид деп ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни топты толықтай немесе жартылай жою ниетімен жасалған әрекеттер танылады. Мұнда топ мүшелерін өлтіру, оларға ауыр дене немесе психикалық зиян келтіру, топтың жойылуына әкелетін жағдайды әдейі жасау, бала тууға кедергі келтіру және балаларды басқа топқа күштеп беру сияқты әрекеттер көрсетілген. Яғни билік жүргізген саясаттың өте қатал болуы жеткіліксіз. Оның дәл қазақтарды ұлттық немесе этностық топ ретінде толықтай не жартылай жоюды мақсат еткені дәлелденуге тиіс. Сара Кэмерон осы жерде өте маңызды айырмашылықты атайды. Ол ашаршылықтың болғанына да, 1,5 миллионнан астам адамның қырылғанына да, сталиндік саясаттың апатқа әкелгеніне де күмән келтірмейді. Бірақ қолда бар құжаттардан «қазақтарды этнос ретінде жою» жөніндегі арнайы ниетті көрмейтінін айтады. Сондықтан БҰҰ конвенциясының құқықтық анықтамасымен қарағанда, қазақ Ашаршылығын геноцид деп дәлелдеу қиын деген пікірде.
Сонымен бірге Кэмерон мүлде басқа бір нәрсені де қосады – «Қазақ ашаршылығы саяси, әлеуметтік және мәдени жоюға басымдық беретін геноцидтің кеңірек анықтамаларына сәйкес келер еді. «Ұжымдастыру арқылы Мәскеу қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысының негізгі ерекшеліктерінің бірі – көшпелі өмір салтын жоюға ұмтылды» деген мәнде айтады.
Қазақстандық тарихшылардың бір бөлігі бұдан да қатаңырақ баға береді. 1991-1992 жылдары Жоғарғы кеңес жанынан құрылған комиссия құрамында болған Қайдар Алдажұмановтың айтуынша, кейін комиссия Ашаршылықты «қазақ этносына қарсы қасақана әрекет», «этноцид» деп сипаттаған. Талас Омарбеков те сол комиссияда аштыққа «геноцидтік сипаты бар» деген баға берілгенін мәлімдеген.
Ал халықаралық деңгейде 2010 жылы Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы Кеңес одағындағы жаппай аштықты сталиндік режимнің қатыгез әрі әдейі жүргізілген саясатының салдары деп бағалап, оны адамзатқа қарсы қылмыс ретінде айыптады. Ассамблея Қазақстандағы адам шығынының халық санына шаққандағы үлесі бұрынғы КСРО халықтары арасындағы ең жоғарылардың бірі болғанын атап өтеді. Алайда Қазақстандағы ашаршылықты жеке «геноцид» деп құқықтық тұрғыдан таныған жоқ.
Жомарт ЖЕҢІСҰЛЫ, тарихшы: Ашаршылық – қазаққа әдейі ұйымдастырылған нәубет
– Ашаршылық кезінде мұнша адам қаза тапты деп тап басып айту қиын. Кейбір ғалымдарымыз «1 миллион 250 мың» дейді, енді бір ғалымдарымыз «1,5 миллион» дейді. Мысалы, Талас Омарбеков ағамыз «3 миллионға дейін қазақ қырылған» деп есептейді. Шетелдік ғалымдар, мысалы, Сара Кэмерон «1 миллионнан 1,5 миллионға дейін адам өлген» дейді. Әрқайсысының зерттеу әдістемесі әртүрлі. Мысалы, Алексеенко деген ғалым демографиялық әдістемелерге сүйене отырып, «1 миллион 900 мыңдай қазақ көз жұмды» дейді. Әрине, мұндай нақты мәліметті айту үшін нақты құжаттарға сүйену керек. Олардың сүйенгені – 1926 жылғы, 1937 жылғы және 1939 жылғы санақтардағы мәліметтер. Архив деректері бар, мысалы, Рысқұловтың Сталинге жазған хатында ол нақты қанша адамның босып кеткені туралы айтады. Сондықтан осындай нақты тарихи құжаттарға, мәліметтерге сүйене отырып, әр ғалым өздерінің тұжырымдарын жасайды. Ал ашаршылық құрбандарының саны әртүрлі көрсетілуіне де осы жайттар себепкер. Ең бастысы, ашаршылық фактісі болды, қазақтардың көп бөлігі қырылды. Меніңше, 1 млн-нан астам адам опат болды. Бұл – тасқа таңба басқандай ақиқат.
Ашаршылық неге болды десеңіз, бұл – орталық биліктің жүргізген саясаты, ұжымдастыру саясаты. Кез келген табиғи апат, табиғи жағдайлардың зардабын шешуге биліктің шамасы келеді ғой. Ал сол кездегі биліктің осыншама қазақтың қырылуына көз жұма қарауы және бұған шара қолданбауы ұжымдастыруға байланысты деп ойлаймын.
Бірақ тағы бір мәселе бар. Тарихшы ретінде айтатыным – Ресей империясы XVIII ғасырдың алғашқы ширегінен бастап қазақ даласын зерттей бастады. Түрлі экспедициялар жіберді, қазақтың этнографиясын, тарихын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін көрді. Әрине, мұны ғылыми жаңалық ашу үшін емес, ең алдымен жаулап алудың оңай жолдарын қарастыру үшін зерттеді. Біздің қалай азықтанатынымызы, неге қарсы тұра алмайтынымызды білді.
Ресей империясының зерттеуін біз бір сөзбен «қазақтану» деп атасақ, дәл сол «қазақтану ғылымы» Кеңес кезінде одан сайын дамыды. Олар біздің әрбір руымыздың мекен ету ортасын, олардың немен шұғылданатынын, қай аймақта шаруашылықтың қандай түрлерімен айналысатынын зерттеп білді де, қазақтың малсыз күнелте алмайтынын жақсы түсінді. Сөйтіп, қазақтың малын тартып алды. Мұны қазаққа әдейі ұйымдастырған нәубет деп есептеймін.
Тұрсынбек БАШАР