Тұрғын үйді міндетті сақтандыру шығын ба, пайда ма?
Табиғи апаттың алдын алу мүмкін емес. Десе де, Үкімет оның салдарынан келген шығынды өтеудің жолын тапқан сыңайлы.
Қазақстанда тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және орман өртінен міндетті түрде сақтандыру жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Бұл бастама Қазақстанның 2030 жылға дейінгі сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасының жобасына енгізілген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жүйе бір күнде іске асып кетпейді. Алдымен табиғи апат қаупі жоғары үш өңірде сынақ ретінде қосылып, кейін Қазақстанның барлық 16 өңіріне тарату жоспарланған. Тек 1-2 өңір ғана төлемнен босатылады. Алайда нақты қай облыстар таңдалатыны әзірге жарияланған жоқ.
Тұрғын үйді ерікті түрде сақтандыру қазірдің өзінде бар. Алайда оған халықтың қызығушылығы төмен. Елдегі баспаналардың басым бөлігі сақтандырылмаған. Сақтандырылған үйлердің арасында ипотекамен алынғандары басым. Яғни көптеген азамат баспанасын өз қалауымен емес, банк талабы болғандықтан сақтандырады. Қазіргі таңда республикадағы баспаналардың небәрі 3,2 пайызы сақтандырылған. Табиғи қауіп деңгейі жоғары Алматы қаласының өзінде бұл көрсеткіш 7,7 пайыз шамасында. Мұның өзі халықтың тұрғын үйді сақтандыруды әлі де міндетті шығын немесе аса қажет қызмет ретінде қабылдамайтынын көрсетеді.
Жаңа тәртіп бойынша тұрғын үй иелері жыл сайын сақтандыру жарнасын төлейді. Оның көлемі өңірдегі қауіп деңгейіне қарай 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады деген болжам бар. Есесіне, төтенше жағдай кезінде үй бүлінсе, тұрғынға төленетін өтемақы жарна көлемінен 500 есе көп болады. Мәселен, жылына 2 мың теңге төлеген азамат 1 млн теңгеге дейін, ал 20 мың теңге төлеген жағдайда 10 млн теңгеге дейін өтемақы ала алады. Дегенмен бұл сомалар әзірге түпкілікті бекітілген жоқ.
Бұл жөнінде «төлем жылына бір рет алынады деп жоспарлануда. Оның мөлшері туралы айтуға әлі ерте, алдымен жылжымайтын мүліктің құнын бағалау керек», – деп атап өтті Бозымбаев.
Жаңа жүйені іске асыру үшін Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қатысуымен арнайы сақтандыру компаниясын құру жоспарланып отыр. Ол тұрғындардан түскен жарнаны жинап, қор қалыптастырады және табиғи апаттан зардап шеккендерге төлем жасайды. Қор ірі апаттар кезінде шығынды өтеу үшін қайта сақтандыру тетігін де қолданады. Бұл бір мезетте көп адамның үйі бүлінген жағдайда жүйенің қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік бермек.
Мамандардың пікірінше, мұндай жүйе табиғи апаттан кейін тұрғындарға көмек көрсетуді жеделдетіп қана қоймай, мемлекетке түсетін қаржылық салмақты да азайтуы мүмкін. Қазақстан бұл бағытта Түркия, Испания және Францияның тәжірибесін ескеріп отыр. Жүйені алдымен табиғи апат қаупі жоғары өңірлерде сынақтан өткізу де осыған байланысты.
Бұған дейін ірі табиғи апаттардың салдарын жою көбіне мемлекет қазынасына немесе баспанасынан айырылған азаматтардың өзіне түсетін. Жер сілкінісі, су тасқыны немесе орман өрті сияқты төтенше жағдайлардан кейін үйлерін қалпына келтіруге тұрғындардың шамасы жете бермейтіні белгілі.
Жаңа жүйе ерікті түрде баспанасын сақтандырған азаматтарға да қатысты болмақ. Ұсыныс бойынша табиғи апаттан болатын тәуекелдер ерікті мүлік сақтандыру шарттарына да енгізіледі. Бұл жағдайда сақтандыру компаниялары жиналған жарнаның бір бөлігін арнайы қорға аударып отырады. Бұған дейін атап өткендей, баспанасы табиғи апаттан бүлінген азамат сақтандыру компаниясынан тиісті өтемақысын алып қана қоймай, қордан да белгіленген мөлшерде қосымша төлем ала алады. Яғни ерікті сақтандыру полисі бар тұрғын үшін табиғи апат кезінде қаржылай қолдаудың екі тетігі қатар жұмыс істейді: бірі – сақтандыру компаниясы арқылы, екіншісі – арнайы қор арқылы. Тұрғын үйді табиғи апаттан міндетті сақтандыру жүйесі енгізілсе, оның құны барлық азамат үшін бірдей болмауы мүмкін. Сақтандыру саласының мамандары мұнда баспананың орналасқан жері, үйдің түрі және табиғи қауіп деңгейі ескерілетінін айтады.
Nomad Life сақтандыру компаниясы филиалының сату жөніндегі директоры Еркебұлан Еркеновтің пікірінше, тұрғын үйді сақтандырудың басты артықшылығы – тұрғындарды күтпеген шығыннан қорғауы. Оның айтуынша, сақтандыру тек табиғи апаттар кезінде ғана емес, үйдің өз ішінде болатын түрлі келеңсіз жағдайлардың салдарын өтеуге де көмектеседі.
«Тұрғын үйді сақтандыру ең алдымен күтпеген шығыннан қорғануға мүмкіндік береді. Мәселен, үйдегі құбыр жарылып, су төменгі қабаттағы көршілердің пәтеріне өтіп кетсе, келтірілген шығынды өз қалтаңыздан өтеудің қажеті болмайды. Егер мұндай жағдай сақтандыру шартына енгізілсе, шығынды сақтандыру компаниясы өтейді. Табиғи апат кезінде де осы тәрізді қаржылық қолдау көрсетіледі», – дейді маман.
Дегенмен сақтандырудың бір кемшін тұсы бар. Егер жыл ішінде сақтандыру қорына жүгінбесе, азамат төлеген жарнасын кері қайтарып ала алмайды. Е.Еркенов мұны автокөлікті сақтандырумен салыстырады.
«Көлікті сақтандырған кезде де жылына бір рет белгілі бір мөлшерде ақша төлейміз. Егер сол кезеңде ешқандай сақтандыру жағдайы болмаса, төлеген қаражат қайтарылмайды. Тұрғын үйді сақтандыруда да осы тәртіп. Яғни адам баспанасын белгілі бір сомаға сақтандырады, бірақ жыл бойы ешқандай төтенше жағдай орын алмаса, сақтандыру төлемі жасалмайды», – дейді ол.
Маманның айтуынша, жеке үй мен көпқабатты үйге қойылатын талап бірдей болмауы мүмкін. Сақтандыру компаниясы шарт жасамас бұрын баспананың жағдайын ғана емес, оның орналасқан жерін де бағалайды.
«Жеке жер үй мен көппәтерлі үйдің жағдайы бірдей емес. Сондықтан сақтандыру кезінде олардың әрқайсысы жеке бағаланады. Үйдің орналасқан жері де маңызды. Осы факторлардың барлығы ескеріліп, сақтандыру құны белгіленеді», – дейді Еркебұлан Еркенов.
Қазірдің өзінде Қазақстанда тұрғын үйді сақтандырудың түрлі бағдарламалары бар. Алайда олардың басым бөлігі азаматтың өз қалауына байланысты жүзеге асырылады. Міндетті сақтандыру жүйесі енгізілсе, бұл саладағы тәртіп те өзгереді. Еркеновтің айтуынша, ең басты өзгерістің бірі – сақтандыру қорына түсетін қаражаттың көлемі артады.
«Қазір тұрғын үйді сақтандыру бар, бірақ ол ерікті түрде жүргізіледі. Яғни азаматтың өзі шешеді. Ал міндетті сақтандыру енгізілсе, қаражаттың жиналу тәртібі де өзгереді. Жарналар бір жүйеге түсіп, сол жерден қажет болған жағдайда төлемдер жасалады. Міндетті болған соң қордағы қаражат көлемі де өзгереді. Сондықтан бұл жерде есептің бәрін алдын ала дұрыс жүргізу қажет», – дейді сақтандыру саласының өкілі.
Болашақта сақтандыру жарнасы мен төтенше жағдай кезінде төленетін өтемақы көлемі бір-бірімен байланысты болады. Яғни азамат неғұрлым жоғары жарна төлесе, сақтандыру жағдайы туындаған кезде алатын қаржысы да соған сай артады. Әзірге міндетті сақтандырудың нақты тетігі бекітілген жоқ. Дегенмен тұрғын үйді міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспары күшінде. Ал оның нақты қашан және қандай тәртіппен іске қосылатыны алдағы уақыттың еншісінде.
Маржан Сәбет