Сараптама

ШЫҰ САММИТІ: асыққан Си, ақталған Путин

Кейінгі жылдары әлемдік аренада саяси тәртіп өзгеріп, БҰҰ-ның ықпалы әлсірегенін байқап отырмыз.

Путин мен Си

 Алпауыт мемлекеттер БҰҰ жарғысына мойынсынбайтын болған. Ірі елдердің президенттері бір-бірін тыңдамай, әр таудың бөрісі болып жүр. Содан да болар, «халықаралық тәртіпті бұзу қалыпты жағдайға айналғанын» әлем лидерлерінің өзі ашық айта бастады. 

Геосаяси жағдай дәл осылай құбылып тұрған тұста өз алдына отау тіккен ұйымдар күш ала бастады. Әсіресе Қытай, Ресей сияқты өркениетті әлеммен параллель өмір сүретін авторитарлы елдер БРИКС, ШЫҰ сияқты аумақтық ұйымдарды күшейтіп, жақтастарын жанына жинай бастады. Олар саяси ықпалын арттырып, АҚШ жетекшілік ететін әлемдік тәртіпке альтернатива ұсынуға кетәрі емес екені белгілі.

Мысалы, 2001 жылы аймақтық ұйым ретінде құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының да амбициясы өсіп барады. Бейжің мен Мәскеу бұл ұйымды халықаралық деңгейге көтеріп, тұтас Азия аумағын қамтуға ниетті. Сол мақсатта ұйым қатарына Иран, Үндістан сияқты «өзгеше ойлайтын» одақтастарды қосып, «солақайларды» көбейтті. Тіпті 2025 жылы күзде Қытайда өткен ШЫҰ-ның 25-саммиті кезінде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын төбе көрсеткен болатын. Батысқа балама болғысы келетін бірнеше елдің басы бір жерде қосылғанына АҚШ президенті Дональд Трамп наразы болып, «АҚШ-қа қарсы бірікпексіңдер ме?» деп сәлем жолдағаны есімізде.

Ал 2026 жылғы ШЫҰ саммиті былтырғыдай дабыраға толы болған жоқ. Тіпті саммит жырын Дүниежүзілік көшпенділер ойынының дақпырты басып кетті десек, қателеспейміз. Биылғы ШЫҰ жиналысы Қырғызстан астанасы Бішкекте өтті. Қырғыздар қатты дайындалыпты. Әсіресе саммиттен бір күн бұрын өткен Көшпенділер ойынының ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемдік БАҚ осы салтанатты рәсім жайлы жарыса жазып жатыр. Көшпенділер ойынының дүрмегі ШЫҰ саммитін көлеңкеде қалдырғандай болды деп сол үшін айтып отырмыз.

ШЫҰ-ға қазір Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай, Иран, Үндістан, Пәкістан және Беларусь мүше. Жалпы он мемлекет. Соңғысы 2024 жылы Астанада өткен саммит кезінде ұйымға қабылданған. 2024 жылдан бері саммит «ШЫҰ+» форматында өтіп жүр. Яғни отырысқа ұйымға мүше емес мемлекеттер де қатысады. «ШЫҰ+» форматы Бішкекте жалғасын тапты. Жоғарыда аталған 10 елден бөлек, бақылаушы мемлекет – Моңғолия, сондай-ақ Түркия, Армения, Әзербайжан, Мысыр, Лаос сияқты «сырткөздер» жиналды. Бұлардың ішінде Түркия мен Армения ұйымға қосылуға ынта танытып жүргенін айта кеткен жөн.

Осы жерде «ШЫҰ шынымен Батыспен бәсекелесе алатын саяси күшке айнала ала ма?» деген сұрақ туындайды. ШЫҰ аумағында 3,4 млрд адам өмір сүреді, бұл – жалпы адамзаттың тең жартысына жуық. Қытай мен Үндістанның экономикасы жылдам дамып жатқанын да ескеру қажет. Оның үстіне Орталық Азияның да салмағы артып, біртіндеп ірі логистикалық желіге айналып келеді, бұл аймақтағы сирек кездесетін металдар да әлемдік экономика үшін үлкен маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда ШЫҰ-ның болашағына үмітпен қарауға болады. Бірақ мәселенің екінші жағын ескерусіз қалдыруға болмайды. Ең алдымен ұйымның өз ішінде қайшылықтар бар. Мысалы, Үндістан мен Пәкістан арасындағы, Үндістан мен Қытай арасында қақтығыс әлі толық шешілген жоқ. Сондай-ақ әлемдік тәжірибеде «авторитарлы елдер ешқашан тең құқылы ұйым құра алмайды» деген қағида бар. ШЫҰ құрамындағы көшбасшы елдерді авторитар басшылар басқарып отыр, олар ортақ ұйымнан гөрі өз билігін артық көріп, ұйым жұмысына кедергі болуы мүмкін. Демек, «ШЫҰ ықпалды халықаралық ұйымға айнала ма?» деген сұраққа дәл қазір нақты жауап беру қиын.

Қазыбек Бейсебаев

«Бұған дейін әлемді Батыс елдері басқарып келді. Бұл жасырын емес. Өйткені олар экономика, технология және әскери тұрғыда мықты болды. Басқаша айтқанда, бүгінге дейін әлемде дамыған Батыс мемлекеттері қожайын болды. Ал қазір жағдай өзгерді. Қытай сияқты елдер алға озып барады. Бейжің қазір әлемдегі алғашқы қатардағы мемлекет. Экономика, технология, қару-жарақ тұрғысынан кез келген елмен бәсекеге түсе алады. Үндістан да күшейіп келеді. Демек, олар мүше болып отырған ШЫҰ да күшейеді деп ойлаймын. Бұрын әлемді бір орталық басқарса, енді екінші-үшінші орталықтар шығып жатыр. Әлемнің өзгергенін көріп отырмыз. Батыс елдері қазір әлсіреп жатыр, ал бұрын әлсіз болған мемлекеттер олардың орнын басады. Сондықтан ұйым болашағынан үміт күтуге болады», – дейді саясаттанушы Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ.

1
Фото: ашық дереккөз

ШЫҰ саммиті қалай өтті?

Шынын айтқанда, Бішкектегі саммит Қытай басшысы Си Цзиньпиннің жиналыстан ерте кетіп қалуымен, Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі үндеуімен және Армения премьер-министрі Никол Пашинянның орыс тілінде сөйлемей қойғанымен есте қалды.

1 қыркүйек күні алдымен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысы өтті. Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Қырғыз президенті Садыр Жапаров, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин және ШЫҰ Бас хатшысы, Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты. Ермекбаев бұл қызметке 2024 жылы Астанада өткен саммитте тағайындалған.

Отырыста саясат, қауіпсіздік, сауда, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп, қоршаған орта, туризм және жаңа технология саласындағы ынтымақтастықты дамыту, ұйымның қызметін жетілдіру сияқты мәселелер талқыланды. Жиында «ШЫҰ-ның тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым» екені айтылды. Отырыс соңында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары 28 құжатқа қол қойды. Оның ішінде Бішкек декларациясы, ШЫҰ Жарғысына өзгеріс енгізу туралы хаттама және ШЫҰ кеңесінің төтенше жағдайдан зардап шеккен мемлекеттерге көмек көрсету туралы мәлімдемесі бар.

Бішкек декларациясы. Құжат 5 бөлімнен тұрады. Онда «ШЫҰ-ның әскери-саяси блок емес екені, басқа мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталмағаны» жазылған. Мүше мемлекеттер «Шанхай рухын» бейнелейтін өзара сенім, өзара тиімділік, өзара ішкі іске араласпау қағидатын ұстануға, қауіпсіздік саласында бірге жұмыс істеуге келісті. Бұдан бөлек декларацияда ядролық қаруды таратпау, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдау туралы айтылған. Сондай-ақ мүше мемлекеттер «Орталық Азияны ШЫҰ-ның өзегі» деп таныды. «Мүше мемлекеттер Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелерін есте сақтауды және тарихты бұрмалауға жол бермеуі керек» деп жазылған. Бұл Мәскеу мен Бейжіңге ұнайтын тақырып екені белгілі. Олар Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті өздеріне теліп алуға әуес.

Асығыс Си. 1 қыркүйек күні түстен кейін «ШЫҰ+» форматында кездесу өткен. Саммитке 20-ға жуық елдің басшысы мен ЕАЭО, ҰҚШҰ, БҰҰ, ТМД сияқты ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынды Қырғыз президенті Жапаров ашты. Одан кейін Қытай басшысы Си Цзиньпин сөз сөйлеген. Одан кейін өзбек президенті Мирзиеев сөйлеп жатқанда Си орнынан тұрып, жиналыс залынан шығып кетті. Әлеуметтік желіде тараған видеодан Қытай төрағасы кетерде аудармашы арқылы Жапаровпен аз-кем сөйлескенін, жолай Путинмен қол алысып, қысқа қоштасқанын көруге болады. Өзге президенттерге қайырыла қойған жоқ. Кейін оның Мысырға сапар шегу үшін саммиттен асығыс кеткені айтылды. Си Цзиньпиннің бұл әрекеті өзгелерге қыр көрсетіп, өз салмағын арттыру ма, әлде ШЫҰ-ға жүрдім-бардым қарағаны ма, белгісіз. Бір анығы, өзі айтарын айтты да, басқаларды тыңдамай, кетіп қалды.

Өзара сауда. Қазақстан президенті ШЫҰ мемлекеттерінің өзара тауар айналымы 1 трлн долларға жақындағанын айтты. Ал Астананың ШЫҰ елдерімен сауда айналымы 2025 жылы 72,6 млрд долларға жеткен. Қазақстанның ШЫҰ елдеріне экспорты – 30,7 млрд, импорты – 41,8 млрд доллар болды. Ұйым ішіндегі саудадағы басты серіктесіміз – Қытай (34,2 млрд), Ресей (27,4 млрд), Өзбекстан (4,8 млрд) және Қырғызстан (2,2 млрд). Қазақстан ШЫҰ елдеріне негізінен уран, мыс, шикі мұнай, табиғи газ, бидай және ферроқорытпа экспорттайды. Ал сатып алатын өнімдеріміз – жеңіл автомобиль, автобөлшектер, табиғи газ, мұнай өнімдері, алтын және есептеу машиналары.

Сондай-ақ саммитте Қытай тарапы ШЫҰ Даму банкін құруды ұсынды. Қазақстан президенті бұл бастаманы қолдап, банктің штаб-пәтерін еліміз аумағында орналастыруға дайын екенін айтты. Сондай-ақ Тоқаев Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды. Ол «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыру керек деп санайды. Бұдан бөлек Қазақстан тарапы саммитте БҰҰ аясында – Халықаралық су ұйымын, ал ШЫҰ аясында – Су мәселелерін талдау орталығын құруды ұсынды.

Модидің ұсынысы. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Владимир Путинмен кездесіп, оны Украинамен соғысты тоқтатуға шақырған. «Бізге соғыстың шексіз болғаны емес, аяқталғаны керек», – деген Моди. Бірақ Ресей басшысына бұл ұсыныс ұнай қоймағаны анық. «Біз осы жолмен жүріп келеміз» деп екіұшты жауап берген. Путин мұндай кеңесті алғаш рет естіп отырған жоқ. Мысалы, биыл шілдеде Омбыдағы кездесуде Қазақстан президенті Тоқаев «мұның түсініксіз соғыс екенін» айтып, оны уақытша тоқтатуды ұсынған. Айтпақшы, Моди былтыр Қытайда өткен ШЫҰ саммитінде де «қақтығысты мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға» шақырған.

Путин саммитте «қарулы қақтығыстардың алдын алу» жөнінде жалынды сөз сөйледі. Украинамен соғыс жүріп жатқан кезде Кремль қожайынының мұндай мәлімдеме жасауы көпшілікке түсініксіз көрінгені анық. Ал саммиттен кейінгі баспасөз жиында «Ресейде тағы мобилизация жарияланады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-ақ ол «Украина дрондары Ресей ұшағына соқтықса, Мәскеу қол қусырып қарап отырмайды» деп сес көрсетті.

Тоқаев пен Путин кездесуі. Бішкектегі саммит аясында Қазақстан мен Ресей президенттері кездесті. Путин Қазақстан басшысын Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтап, екі ел арасындағы достық, тату көршілік қарым-қатынас жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Ал Тоқаев ресейлік әріптесіне алғыс айтып, конституциялық реформа аясында елде жүріп жатқан жұмыстар жайлы әңгімелеген. Сондай-ақ қазақстандық 60 мың студент Ресейде оқып жатқаны, Омбыда қазақстандық оқу орнының филиалы ашылғаны сөз болды. БАҚ-та тараған ақпаратқа қарасақ, бұл кездесуде негізінен бұрыннан айтылып жүрген мәселелер сөз болған. Тек Тоқаевтың «біздің тарихта қазақтар мен орыстар арасында діни қатынас не саяси тұрғыдан ешқашан қақтығыс болған емес» деген сөзі ғана қызу талқыланып жатыр. Бұл ақпаратты Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған жоқ, соған қарағанда, мұндай әңгіме Ресей аудиториясына қарата айтылған сияқты.

Осылайша, қырғыз жұртын әуреге салған ШЫҰ-ның кезекті саммиті аяқталды. «Әуреге салды» дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Бішкек билігі саммит қарсаңында тұрғындарды қаладан кете тұруға шақырған. Саммит тыныш әрі еш сенсациясыз өтті. Әлемді жалт қаратқан саяси шешімдер қабылданған жоқ, ешқандай өзгеріс те болмады. Бір айта кетерлігі, ұйымға 2025-2026 жылдары Қырғызстан төрағалық етті. Ал 2026-2027 жылдардағы төрағалық эстафетасы Пәкістанға берілді. ШЫҰ-ның кезекті саммиті келер жылы осы ел аумағында өтеді.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз