АЭС-ке қарсы митинг өткізу туралы жазбаларды бөліскен белсенді 10 күнге қамалды
1 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында тұратын белсенді Серік Ыдырышевтің үйіне полиция барып, әлеуметтік желіде АЭС-ке қарсы митинг өткізу туралы жазбаларды бөліскені үшін оның үстінен хаттама толтырды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Белсендіге "бейбіт жиын ұйымдастыру туралы заң талабын бұзды" деген айып тақты. Түсте аудан орталығында соты өтіп, оны 10 күнге қамады. Ыдырышев әркімнің пікір білдіру еркіндігі бар деп, айыпты мойындамаған.
Ыдырышев үйіне полиция келгенде Facebook желісінде тікелей эфирге шыққан. Видеодағы полиция өкілі "Төребек Сағындықовтың видеосын Facebook парақшаңызға қойғансыз, 13 қыркүйекте халықты митингіге шақырғансыз. Сол бойынша сізге хаттама толтырамыз. Қаулыны сот шығарады" деп айтады.
Бұл хаттаманы заңсыз деп санаймын. Саяси қудалаудың нәтижесі. Өйткені елімізде болып жатқан жағдайларға көзқарасымызды ашық айтып жүргеніміз үшін саяси қудалау деп есептеймін, – дейді видеода Серік Ыдырышев.
Белсенді екі апта бұрын жариялаған видеосына полицияның референдум таяған сәтте келуі – мәселенің саяси астары барын білдіреді деп санайды.