Саясат

АЭС салу: пайда ма, әлде зиян ба?

Адамзаттың қуат көзіне деген сұранысын қамтамасыз ету ісінде атом энергетикасының баламасы жоқ екені өткен ғасырда-ақ дәлелденген.

АЭС салу: пайда ма, әлде зиян ба?

Сондықтан бұл саладағы ғылымның даму деңгейі де айтарлықтай, жоғары болып, оған қажетті ғалымдар мен өзге де мамандарды әзірлеу ісі белгілі бір жолға түсіп, атом өнеркәсібі кәсіпорындары қарқынды жұмыс жүргізіп жатты. Алайда бұл үрдіске 1986 жылғы Чернобыль АЭС-ындағы апат тұсау салып, жаңа АЭС салу жұмысын айтарлықтай азайтты. 2000 жылдардың орта шеніне таман әлемдік экономикадағы жаңа үрдістерге байланысты АЭС нарығы қайта жанданғандай болған. 2011 жылы әлемдегі ең ірі АЭС саналатын Жапониядағы Токио электр қуаты компаниясына қарасты Фукусима Дайичи энергоблогындағы апаттан кейін бұл үрдіс тағы баяулап қалды.

Соған қарамастан, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Қазақстанның атом өнеркәсібі саласындағы жетістігі дүниежүзін елең еткізген болатын. Уран өндірісі бойынша әлемдік нарықтағы қатаң бәсекелестікке төтеп беріп қана қоймай, алдына зор мақсаттар қойып, оған кезең кезеңімен қол жеткізіп, нарықтағы өзге ойыншыларды өзімен санасуға мәжбүр етті. Қысқа уақыттың ішінде кеніштердегі техникалық жабдықтарды қауіпсіздік (OHSAS 18001) пен қоршаған орта стандарттарына (ISO 14001) сәйкестендіріп, өндірістегі барлық процесті автоматтандыру нәтижесінде, уран өндіру жағынан дүниежүзі бойынша көшбасшыға айналған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының жұмысына қызыға да қызғана қарайтындар көп болды.

2013 жылы қаңтарда өткен Үкімет отырысында   Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның өз АЭС-ы болуы керек, түрлі себептерге байланысты қазір оны талқыламаймыз. Қазір біз мұны істей аламыз. Орынды анықтаңыздар, кіммен қарым-қатынас жасайтынымызды сөйлесуге кірісейік. 2020 жылға дейін Қазақстанда кемінде 1 АЭС болуы керек» деген-ді. Сосын, 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»  Жолдауында да бұл мәселеге тоқталды. Сондай-ақ 26 наурызда Гаагадағы III ядролық қауіпсіздік саммитінен кейінгі брифингте қазір әлемде атом энергетикасының «қайта өрлеу» дәуірі байқалып отырғанын тілге тиек ете келіп, Қазақстан АЭС-тары үшін ядролық жанармайдың толық циклін өндіруді дамыту мен атом электр стансасын салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Содан кейін, Қазақстанда салынатын АЭС құрылысы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» пен «Росатом» басшылары 2014 жылы өзара ынтымақтастық туралы арнайы меморандумға да қол қойды. Соның негізінде, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен жұмыс жасайтын арнайы жұмыс тобы құрылып, 2018 жылдың аяғына дейін нақты шешім жарияланады деп, жоспарланды. Сонымен қатар АЭС салынатын орынға Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы мен Алматы облысы, Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылының бірін таңдау ұсынылды.

Қазақстанның қазіргі жағдайда АЭС салуға қаржылық мүмкіндігі шектеулі екенін ескерсек, бұл мәселе тағы бірнеше жылға кейін шегерілуі ықтимал. Дегенмен, оған дайындықты қазірден бастамасақ, Қазақстан тағы да Ресейге технологиялық жағынан ғана емес, онда жұмыс жасайтын мамандар дайындау бойынша да тәуелді болып қалуы күмәнсіз. Өйткені энергетикалық мұқтаждықты шешу үшін Қазақстан ерте ме, кеш пе, бәрібір АЭС салуға мәжбүр болады. Ал, оған қажетті реакторды кімнен, қандай шартпен алатынымыз бөлек қаралуы тиіс.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Зияда АХМЕТЖАНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы меңгерушісінің м.а., профессор:

АЭС құрылысының артықшылықтарына келсек, мегаполисті үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда зиянды да жоқ емес. Біріншіден,  атом электр стансаларында жоғары білікті кадрларға деген қажеттілік туындайды. Яғни, жергілікті халық жұмыспен қамтамасыз етілмейді, осы аймаққа шетелдік азаматтардың көптеп келуіне жол ашады. Екіншіден, радиоактивті қалдықтардың көп мөлшері пайда болады, оларды жою қымбатқа түседі. Радиоактивті қалдықтарды жою проблемасы пайда болады. Үшіншіден, қалпына келтіру қиын апаттар болуы мүмкін. Мәселен, Жапониядағы немесе Чернобылдегі жарылыстар. Төртіншіден, бұл аймақтың ядролық полигонға айналу ықтималдығы жоғарылайды. Менің ойымша, балама қуат көздерін іздеу қажет емес. Жеке өзім атом электр стансасын салуға қарсымын.

Тегтер: Без Тега
Алмабек Ерболатұлы
Алмабек Ерболатұлы Алмабек Ерболатұлы

Оқыңыз