Әкім Ахметов министр Тұрғымбаевтың міндетін қоса атқара ма?
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің Нұр-Сұлтан қаласына барып, брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерімен кездесуде әртүрлі мәселе бойынша айтқан сөзі әлі күнге дейін «хитқа» айналып тұр.
«Жас Алаш» бұған дейін әкімнің сол кездегі кезекті мәлімдемесіне қарай отырып, «Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе» атты мақала жарияланған болатын.
Даниал Кенжетайұлына сол кезде Семей қалалық полиция басқармасының басшысы Мақсат Зекеновке қатысты да сұрақ қойылды. Онда журналистер тарапынан Зекеновтің әлдіберулер арқылы пара сұрайтыны және міндейттіні туралы да мәселе қозғалды. Шындығы керек, бұл уатсап желісі арқылы ешкімнің қолы қойылмаған, ресми түрде расталмаған ақпарат еді. Не түлен түрткенін кім білсін, өңір басшысы тап сол сәтте Семей полиция басқармасының басшысы М. Зекеновтің көп күттірмей қызметінен кететінін мәлімдей салды.
Қызық болғанда Даниал Ахметов сәуегей ме, әлде, уәдесінде тұратын басшы ма, өзіне мәлім Мақсат Зекенов арада апта өтпей жатып, қызметінен кететіні жөнінде өзінің Фейсбуктағы парақшасында жариялап та үлгерді. Онда полиция басшысы былай депті:
Құрметті қазақстандықтар!
Мен, Зекенов Мақсат Амантайұлы, Семей қаласының полиция басқармасының басшысы, Семей полициясының құрамын сыртқы арандатулардан қорғау мақсатымен жұмыс орынымнан кетуге мәжбүр болдым.
Соңғы апталарда мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан анонимді хабарламалардың себебінен менің және қызметкерлерімнің өмірінде жағымсыз оқиғалар орын алып жатыр.
Мен мұны арандатушылық деп атаймын, себебі мұндай хабарламалардың заңды күші жоқ. Мені қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптаған мән-жайларды анықтау бойынша іс-шаралар жүріп жатқанда, мен қылмыстық процестің маңызды қағидаларының бірі — кінәсіздік презумпциясына жүгінгім келеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабына сәйкес «Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі».
Кез-келген азаматтың мұндай жағдайда айғақ беруге құқығы бар, бірақ ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, сондықтан менің осы айтып жатқандарым жеке шешімім болып табылады.
Мұндай мәлімдемелер құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер үшін әдеттен тыс, бірақ заңдылықты сақтау үшін мен сіздердің бұл жағдайға басқа тараптан да қарағандарыңызды жөн көрдім.
Үкім шығарар алдында дәлелдемелер тексерілетін, тараптар мен куәгерлерден жауап алынатын, сарапшылардың қорытындылары тыңдалатын, заттай дәлелдемелер, хаттамалар және басқа да құжаттар ұсынылатын процесс өтуі керек.
Егер Семей қаласының тұрғындары менің қызметімді қаламызда жалғастырғанымды қаламаса, мен полиция басшысы қызметінен кетемін. Бірақ мен бұл қадамды ешқандай дәлелсіз жазылған анонимді хаттар үшін емес, тек тұрғындардың өтініші бойынша жасаймын.
Құқық қорғау органдарында жұмыс істей беремін бе немесе зейнетке шығамын ба, оны ішкі істер жүйесі шешеді.
Қазіргі кезде әлемді жаулаған пандемия мен цифровизацияның қарқынды дамуына байланысты біз тек денсаулығымыз үшін ғана емес, сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздігіміз үшін де күресуге мәжбүр болып отырмыз.
Өзіңізге, жақындарыңызға және достарыңызға қамқор болыңыздар. Отбасыларыңызға денсаулық тілеймін!
Зекеновтің қызметінен кеткені жөнінде айтқан осы мәлімдемесіндегі мына бір айтқаны еріксіз ойландырады:
«… Бірақ мен бұл қадамды ешқандай дәлелсіз жазылған анонимді хаттар үшін емес, тек тұрғындардың өтініші бойынша жасаймын. Құқық қорғау органдарында жұмыс істей беремін бе немесе зейнетке шығамын ба, оны ішкі істер жүйесі шешеді».
Демек, бұл мәселе Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың да назарында деген сөз. Ал, Зекенов айтқан, уатсап желісі арқылы орыс тіліндегі Қ. Тоқаевтың, А. Шпекбаевтың, К. Мәсімовтің атына жолданған анонимді хатта не баяндалған еді? Соған келейік. Нақты расталмаса да, мұнда да біраз жайттар «қамтылған».
Онда полиция полковнигі Зекеновтің ай сайын қаладағы полиция бөлімдерінің басшыларынан 10 000 доллар, барлық қызмет басшыларынан 3000-нан 7000 долларға дейін" жылу жинататыны" мәлімделген. Нақты расталмаған осы анонимді хатқа сүйенсек, Зекенов Семей қалалық полиция басқармасының басшысы қызметіне тағайындалуы үшін «жоғары жаққа» 80 мың доллар берген. Оның 50 мың долларын ШҚО полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиевке «табыс етіпті». Ол мұны ШҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының басшысы Талант Исаевпен бірлесіп және оның тапсырмасымен атқарған.
Ешқандай растаушының қолы қойылмаған, тек Талант Исаев атынан берілген, Зекеновтің қандай полиция басшысы болғаны жөнінде тарап кеткен анонимді хатқа білдей облыс әкімі Даниал Ахметов сеніп қалды ма сонда? Түсініксізі сол бұл, Ішкі істер министрлігі мәлімдейтін, министр Ерлан Тұрғымбаев Зекеновтің неліктен босатылатынын айтуы тиіс жай болатын. Алайда, облыс әкімі Даниал Ахметов Нұр-Сұлтан қаласында өткізген брифингінде Семей полиция басқармасының басшысы Мақсат Зекеновтің көп кешікпей қызметінен босатылатынын айта салды, арада он күн өтпей жатып, ол орнынан түсті. Бұл қалай?
Дереу, Семей полиция басқармасының баспасөз хатшысы Елубек Оспановқа хабарласқанымызда, «Мақсат Амантайұлы, БАҚ арқылы өз көзқарасын білдірді. Алып-қосар ештеңем жоқ» деп қысқа қайырып, тұтқасын қоя салды. Қайыра бірнеше рет қоңырау шалсам да тілдесу мүмкін болмады. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, ресми хатсыз жауап бере алмайтындығын айтып құтылды.
Р.С Жалпы, республика бойынша құқық қорғау органдары саласының жұмысына жұрттың қыжылы көп екенін тәптіштей түсіндірудің қажеті шамалы. Ахметов «ауызша босатқан» Зекеновке ғана қатысты емес,жұрт қазір көк форма киген погонды көрсе, теріс айналатын күйге жетті. Бұл туралы алдағы «Жас Алашта» тағы да баяндалатын болады.