Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

26.11.2020, 09:20

1584

       Өңір басшысы Даниал Ахметов осыдан ай шамасы бұрын, облыс орталығы Өскемен ішін аралап жүріп, қазақтар «Кішітау» атап кеткен КШТ ауданына барған болатын. Сол сапар барысында өзімен бірге жүрген қала басшысы Жақсылық Омарға Қазыбек би даңғылы мен Есенберлин көшесінің қиылысынан аумағы 80 метрлік алаң мен субұрқақ орнатып қана қоймай, орыс ақыны Александр Пушкинге ескерткіш қойса керемет көрініс болатынын айтып, тапсырма берді. Сол сәт өзін насихаттайтын блогерлер арқылы видеоға түсіп тұрғандықтан, әлеуметтік желіде дем арасында таралып, естігенді елең еткізіп, көргеннің «көзін байлап» сала берді. Осы тұрғыда бұқара көкейінде Ахметовтің фонтан мен арбатты айтса жаны кіретінінен бұрын, «Өскеменге Пушкиннің тағы бір ескерткішін орнатудың қаншалықты қажеті бар?» деген заңды сұрақтың туындауына түрткі болды. Өйткені облыстық кітапхана А.Пушкин атында болғаны өз алдына, кітапхана алдында ақын ескерткіші менмұндалап тұрғанын екінің бірі біледі.     

     Облыс әкімінің бұл жоспары қаншалықты орындалатынын кім білсін, бірақ өткен аптада Даниал Кенжетайұлы Нұр-Сұлтан қаласына барып, арнайы брифинг өткізгенде де журналистер тарапынан Өскеменде Пушкин ескерткішін тағы да орнату қаншалықты қажеттіліктен туындағаны туралы сұрақ қойылды. Ахметовтің сұраққа жауабы «сондағы Мәриямның айтқан сөзіндей» қызық әсер қалдырды:

— І-і… (іркіліп қалды – авт.) Осы мәселе бар. Біз қазір көріп жүрміз. Содан кейін халықпен ақылдасам. Қай жерге Пушкинмен… Мүмкін, екі жоба болады. Абай мен Пушкин… Содан кейін біз халықты шақырып, ақылдасамыз. Неге десеңіз, бізге өте мазмұнды… Біз жақсы білеміз, жайдан-жай ескерткіш қоймау керек. Бірақ та ол… тек осы жермен ғана байланысты болмауы керек. Неге десеңіз, біз дүниежүзілік мәдениетіне тырмысамыз ғой (!), сол себептен сұрақ әлі ашық. Содан кейін өзіміздің қаланың қоғамын шақырам, шақырып… кездесуге шақырғаннан кейін дұрыс, мен ойлап отырмын, халыққа лайықты шешімді аламыз, – деді Даниал Ахметов.

       Ал, не түсіндік?! «Мүмкін, екі жоба болады. Абай мен Пушкин… Содан кейін біз халықты шақырып, ақылдасамыз. Неге десеңіз, бізге өте мазмұнды...» Ахметовтің бұлайша екі сөздің басын құрай алмай тұрған сәтіне қарап, жұрттың көз алдына сабаққа дайындықсыз келген оқушының тақта алдына шыққан кейпі елестегеніне шүбә жоқ. Егер ескерткішке қатысты ойы нақты болмаса, білдей облыс әкімі қарамағындағы қала әкімін қасына алып тұрып, нені түсіндірмек болды? Шындығын айтқанда, тап сол сәтте қала басшысы Жақсылық Омардың өзі Ахметовтің нені тапсырып тұрғанын түсіне қойғаны күмән тудырады.

       Ал кеше белгілі қаламгер, Қазақстан жазушылар одағының ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев Өскеменде әлі күнге дейін қазақтың көрнекті педагог-ғалымы, осы өңірдің тумасы Қанипа Бітібаеваға көше беру тұрмақ, оның атын білмейтін адамдардың қалалық мәслихатта қалайша отырғанын түсіне алмайтынын айтып, өзінің фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды:

«Қанекең (Қ.Бітібаеваны айтады – авт.) дүниеден озғалы алты жылдан асты. Ол кемеңгеріміздің есімін мәңгіліктеу мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовке, қала әкіміне жазушылар одағының облыстағы филиалы, «Алтай асу» ҚБ, қаладағы зиялылардың, ұстаздың шәкірттері атынан бірнеше мәрте сұраныс-хаттарын жаздық. Ол талап-тілектердің мазмұны жалқы: Бітібаеваға өзі ғұмыр бойы қызмет еткен Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның атын, өзі тұрған көшенің атауын беру болатын. Жолданған хаттардың кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ болды.

       Масқарасы сонда – қалалық мәслихат депутаттары гимназия атауын қойып, Бітібаеваға Өскеменнің бір шолақ көшесінің атын қимапты. Кезекті отырыстарында оның есіміне байланысты өтінішті қарауға арланыпты. Бекітпей тастапты. Жарайды, мәслихат хатшысы Светоч мырза басқа ұлт өкілі, оған Қанипа кім, Жәнипа кім? Бәрібір. Сонда деймін, кешегі күні Қанипа Омарғалиқызымен сан мәрте әңгіме-дүкен құрған, қазақша айтқанда, сарқытын ішкен, батасын алған, кім екенін бес саусағындай білетін қала әкімі Жақсылық Омар қайда қарады? Пушкин десе, етбеттерінен түсетін билік Ай қарап отыр ма?

       Білім мен ғылымды, руханиятты неге етекке ысырамыз? Рыпакова деген ұзын сирақ қыз дік-дік етіп үш мәрте секіріп еді, үлкен сарайдың атын беріп тастадық. Кенесарыға жасалмаған құрмет сол қыздың үсті-басында. Александров деген біреу тасты таяқпен қақпақылдап еді, оған бір сарай! Қазаққа дым да жоқ. Берейік десек, мораторий жариялай қояды. Бұл не масқара?!»

         Жалпы, Өскемен қаласында ұлт тұлғаларының есімін ұлықтау ұмыт қала бастады деуге де болмайды. Қазыбек би даңғылы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ілияс Есенберлин атына берілген көшелер ономастика саласының соңғы жылдардағы оң өзгерісі. Алайда Алаш қайраткерлерін ардақтау арман болып тұрғанын да жасыруға болмас. Облыс орталығында әлі күнге дейін ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға көше бере алмай жүріп, Ахметов Пушкинге тағы бір ескерткіш орнататын жер іздеп әлек. 

Тегтер: жоба жоспар әкім жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:01
Қазақстанның құқықтық саласы дамып келеді
Еркежан АРЫН 08:40
Мұқтаж жандар азық-түлікпен қамтамасыз етілді
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 12:45
Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемде көш басында
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 13:15
Теңізде жұмысшылар ереуілге шықты
Сайт әкімшілігі 25.07.2021, 16:55
Жөлек ауылында алғашқы дауыс берген адамға сыйлық берілді
Б.СӘРСЕНБИ 23.07.2021, 16:06
Батысқа көмек! Оңтүстік осындай ұранмен Маңғыстауға жемшөп жіберіп жатыр

Аңдатпа


  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15
  • «Жас Алаш» Түркістан төрінде
    07.07.2021, 08:59
  • Жайыққа келді «Жас Алаш!»
    28.06.2021, 09:02
  • "Жас Алаштықтар" "Қазақстанның құрметті журналисі" атанды
    24.06.2021, 13:55