Әкімдерге сонша орынбасар неге керек?
Сәрсенбіден бейсенбіге қараған күні жауған қардың тұрғындардың малын шашып, Шымкент қалалық әкімдігінің артын ашып кеткенін жұмада жаздық.
Бас-аяғы жеті-сегіз-ақ сағат жауған қар Шымкенттің ақ жағалыларының қаншалықты «іскер» екенін көрсетіп берді. Қаланың коммуналдық шаруашылығын басқарып отырғандар, әсіресе олардың үстінен қарайтын әкімнің орынбасары Нұрсадық Ергешбек өздерінің қолдарынан не келетінін сол қар жауғаннан бері дәлелдеп бағуда. Нұрсадық жұмыста болса да, болмаса да бәрібір екеніне әбден көзіміздің жеткен жайы бар. Қаланың кейбір аудандарында сенбіге дейін жарық болмай тұрды. Көше бойы сынған тал, үзілген электр желілері. (Олар Шымкент көшелерінде әлі де шашылып жатыр). Нәйеті жеті-сегіз сағат жауған қар ғой, Нұрсадық Ергешбектердің «іскерлігінің» қаншалықты екенін дәлелдеп берген! Айтқан жерден аулақ, қатарынан бірнеше күн жауса, мынадай басшылары бар шымкенттіктердің күні күн болмайды екен. Сәрсенбіден бейсенбіге қараған күні жауған қар тіпті коронавирустың өзін Шымкентте екінші планға ысырып жібергендей болды.
Ойдан ой туады. Кешегі 1941-1945 жылдар аралығында болған соғыстан КСРО-ның халық шаруашылығы түгелдей қирап қалды десе де болады. Ол кезде техника мен технологияның қазіргідей шарықтап дамымаған заманы. Барлық жұмыс қол күшімен атқарылады. Соның өзінде сол кездегі билік өте сауатты қимылдап, сол заманның өлшемімен алғанда өте қысқа мерзім ішінде халық шаруашылығын қалпына келтіре алды. Тағы да айтамыз, ол өткен ғасырдың қырқыншы жылдары, соғыстан кейінгі өте қиын кезең...
Қазір ХХI ғасыр. Техника мен технология космостық жылдамдықпен шарықтап, дамыған заман. Мына техникаға қызығып үлгермейсің, ертесіне одан күшті техника шығып тұрады. Шүкір, соңғы үлгідегі техника мен технологияны пайдаланудан Қазақстан көш соңында емес. Оның ішінде Шымкент қалалық әкімдігі де жаңа технологияларды, техникаларды пайдалануға жыл сайын қазынадан қыруар қаржы бөліп жатады. Ондай қаржы коммуналдық саладағы проблемаларды оңтайлы шешуге техникалар сатып алуға да молынан жұмсалады. Сөйте тұра… Кешегі қардан кейін кәдімгідей ойланып қалдық. Құдай біледі, осылар не «мына қаражатқа тамаша заманауи техника сатып алдық» деп ескі-құсқы бірдеңе сатып алады, не білікті жұмысшылар жетіспейді, не білгір ұйымдастырушы жоқ. Әйтпесе үш күн бойы нәйеті көшедегі сынған талдың бұтағын жинап бітіре алмауды немен түсіндіруге болады?! Он жерден мегаполис дегеніңізбен Шымкенттің орталығы Мәскеу, Нью Йорк, Париж, тіпті Алматы да емес, есектің тоқымындай ғана жер ғой. Нұрсадық Ергешбектің командасының осыған қауқары жетпегеннен кейін жұмысты қоя салмай ма дейсің де. Билік кешегі қиын қырқыншы жылдары да бұлай жұмыс істемеген.
Осыдан кейін тағы да ойды ой қозғайды. Осы әкімдерге осынша қаптаған орынбасарлардың не керегі бар? Орынбасар дегеніңіз кешегі Нұрсадық Ергешбек пе? Шымкенттің таңы Нұрсадықсыз да атып, Нұрсадықсыз да бататынын сәуірде сегіз сағат жауған қар дәлелдеп берді емес пе?! Байғұс салық төлеушілер арқа еттері арша, борбай еттері борша боп жалғыз Нұрсадықты асырап жүр ме екен?! Қазақстанда қолынан түк келмейтін орынбасарлар аз ба?! Олардың шығынын есептеген кім бар? Осыдан кейін «әкімдерге осынша орынбасар қажет пе?» деген заңды сұрақ туады.Шынында да орынбасар деген не істейді, өзі?Мәселен, әр облыста, сондай-ақ үш мегаполисте әкімдердің әрқайсысының бес-бестен орынбасары бар. Әр орынбасар төрт-бес, бес-алты саладан – басқармадан бөліп алып, өздеріне бекітілген салалардың жұмысына жетекшілік етеді. Ал, ол салалардың – басқармалардың басқарма басшылары тағы бар. Әр басқарма басшысы өз саласына жауап береді. Ол салаға әкімнің орынбасары да басшылық етеді. Тура арбаның бесінші доңғалағы сияқты.Біздіңше, әкімге өзі демалысқа шыққанда немесе іссапарларға кеткенде орнын ауыстыра тұратын бір орынбасар молынан жетеді. Қалған жұмысты басқарма басшылары-ақ атқармай ма?! Демек, ана төрт орынбасар артық!
Ал, енді төрт орынбасардың шығынын есептейік.Орынбасарлардың жалақысын орта есеппен 500 мың теңге деп есептейік, көп болса он теңге әрі, он теңге бері шығар. Сонда төрт орынбасардың бір айдағы жалақы шығыны 2 миллион теңге болып шығады. Бір жылда – 24 миллион теңге. Енді ол төрт орынбасардың төрт көмекшісі тағы бар. Жарайды, олардың жалақысын 150 мың теңге деп қана есептейік, төртеуінің бір айлық шығыны – 600 мың, бір жылғы шығыны – 7 миллион 200 мың теңге. 31 миллион 200 мың теңгені белге бір түйіп қояйық. Енді төрт орынбасардың алдында отыратын төрт хатшы қызды есіңізге алыңыз. Олардың да әшейін рахметке жұмыс істемейтінін сіз де біліп отырсыз, біз де біліп отырмыз. Төртеуінің жалақысын 100 мың теңгеден есептегенде бір жылға 4 миллион 800 мың теңге болады екен. Енді бұларға төрт жүргізушіні қосыңыз, олардың да жалақысын 100 мың теңгеден есептеп, бір жылға тағы 4 миллион 800 мың теңгені шығарыңыз, бәрі 9 миллион 600 мың теңге болды ма? Болса бұл 9 миллион 600 мың теңгені жоғарыдағы 31 миллион 200 мың теңгеге қосып жібермейсіз бе?! Дұрыс, дәл таптыңыз, 40 миллион 800 мың теңге болды. Естеріңізде болсын, бұл тек жалақы шығыны.
Орынбасардың қызметтік көлігі ауамен жүрмейді. Әр орынбасар айына орта есеппен 500 литр демей-ақ қояйық, 300 литр жанармай жақсын. Облыс әкімі орынбасарларының тонналап жағатынына өз басым бәс тіге аламын. Жарайды, 300 литр… Жанармайдың бағасын орта есеппен 160-ақ теңге дей қояйық. Бір орынбасар бір айда 48 мың теңгенің, төрт орынбасар 192 мың теңгенің, бір жылда 2 млн 300 мың теңгенің жанармайын жағады. Көліктің шығыны жалғыз жанармай емес қой. Әр 5000 шақырым сайын мотордың майын, жылына екі рет доңғалағын ауыстырасыз. Техника болған соң, басқа да сынатын жерлері болады. Оны ешкім тегін жөндемейді. Бұлардың бәрін аз десеңіз екі-үш жыл сайын жаңа көлік ауыстырып отырады. Орынбасарлардың кабинеттерін ұстап тұру үшін де етек-етек ақша керек. Енді бұған төрт орынбасардың бір жылдық іссапар шығынын да қоса салсаңыз болады. Бұлардың бәрі шетінен ішпейтін-жемейтін періште деп қысып есептегеннің өзінде төрт орынбасардың бір жылдық шығыны мемлекетке кемі жүздеген миллион теңгеден түседі. Ал, Қазақстанда 17 облыс бар. Енді осы 100 әлде 200 әлде 300 миллион теңгені 17 облыс-қала әкімінің 68 орынбасарына қосып есептеп көріңіз, 13-15 миллиардтың үстіне жәй шығады. Пажалыста!
Аудан әкімдерінде де төрт орынбасардан бар. Бұлардың да біреуін ғана қалдырып, үшеуін қысқартып тастаңызшы. Жаңылыспасам, Қазақстанда 216-ның төңірегінде аудан-қалалар бар. Ол әкім орынбасарларында да бір-бір хатшы, бір-бір жүргізуші… Басы артық 648 аудан әкімінің орынбасары, 648 хатшы, 648 жүргізуші...Мұны аз десеңіз әр әкімнің штаттағысы бар, штаттан тысы бар, кемі бес-алтыдан кеңесшілері (советниктері) тағы бар. Тіпті кейбір советниктер әкімінің әлеуметтік желідегі парақшаларын ғана жүргізіп отырады. Ал, сонысына етектерін жаба алмай отырып, етек-етек ақша алады. Жарайды, Президентке, Премьерге советник қажет-ақ бола қойсын, Әйтеновтерге советник неге керек? Ақылға зәру болып бара жатса, ел ішінде жүрген көпті көрген қариялардың алдына бармай ма, барса, білмегендерін тегін-ақ үйретіп жібереді ғой.
Білемін, менен жақсы бухгалтер шықпайды, сөйте тұра Қазақстандағы қаптаған аудан, қала, облыс әкімі орынбасарларын, кеңесшілерін қысқартудың есебінен бір жылда бюджеттің жүздеген миллиард теңге қаражатын үнемдеуге болатынына көзім әбден жетеді. Тағы да қайталап айтуға тура келеді, олардың жұмысын бөлім, басқарма басшыларының өздері-ақ атқарып отыр.Бізде билік анда-санда бюджеттің қаражатын үнемдейміз деп бір министрлікті бір министрлікке, бір басқарманы бір басқармаға қосып жіберіп жатады. Одан қанша қаражат үнемделетінін білмеймін, бірақ сол науқанда қызметкерлердің, құжаттардың сапырылысып кететінінен хабарым бар. Әшейін мемлекеттік сатып алу конкурсының өзін «министрліктердің, басқармалардың өзгеруіне байланысты бланктер де өзгерді» деп айлап кешіктіріп жататын осы біздің Қазақстан емес пе?! Оу, ағайындар-ау, бюджет қаражатын үнемдегіш болсаңыздар, барлық облыста, міне, отыр ғой, нұрсадықтар. Ол орынбасарлардың 90 пайызы жәй отырған жоқ, реті келіп жатса облыс, қала әкімі болып секіріп кетуге дайын отыр. Және іштерінен кедейліктің қамытын киіп, ішер асқа, киер киімге жарымай, балаларын кәсіптік-техникалық колледждерге оқытып отырған біреуін білесіздер ме? Мен өз басым ондай орынбасарларды әлі күнге дейін кездестірмеппін. Шеттерінен шынжыр балақ, шұбар төс. Орынбасарлық – олар үшін трамплин!
Қалт-құлт етіп отырған Қазақстан түгілі коронавирус Америка секілді алпауыттардың өзінің әлтек-тәлтегін шығарды. Біз нағыз тарта жесе тай қалатын, қорқа жесе қой қалатын кезеңге келе жатырмыз. Бізді алда келе жатқан экономикалық қиындықтардан ең бірінші кезекте үнем, қатаң үнем ғана құтқара алады. Ал, біз қаражаттың қай жерде аяқасты шашылып жатқанын көрсеткендей болып отырмыз.
Жасыратыны жоқ, мен бұл жазбаның ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына бірден іліге кететініне сенімсіздеумін. Айналасында жүрген адамдардың бұл мәселені ол кісінің қаперіне қаншалықты салатынын да білмеймін. Бірақ, қоғамдық пікірдің ертелі-кеш биліктің құлағына шалынатынына сенімдімін. Ол үшін бұл мәселеге сіздердің қаншалықты үн қатқандарыңыз да маңызды, құрметті достар! Бұл бір. Екінші, Ұлттық сенім кеңесінің арамызда пәленбай мүшесі бар. Президент Ұлттық сенім кеңесін не үшін құрды? Ел ішіндегі маңызды мәселелерді үлкен мінбеге шығарып, кеңестің талқысына ұсынады деп құрды, меніңше. Демек, сол кеңестің мүшелерінің де нағыз қайрат көрсетер тұсы осы!
Бұл өзі бұрыннан ойда пісіп жүрген жай еді. Кешегі Шымкентте жауған қардың коронавирустың өзін екінші планға ысырып жіберуі тағы да шындап ойлануға мәжбүрледі. Әйтпесе мен Нұрсадық Ергешбекті көрген емеспін, Нұрсадық Ергешбек мені көрген емес. Бір сөзбен айтқанда, бір бірімізде алты аласы, бес бересіміз жоқ. Тек айтайын дегенім, бюджеттің ондаған, жүздеген миллиард қаражатын онсыз да үріп ішіп, шайқап төгіп отырған Нұрсадық секілділерге емес, базарларда қалт-құлт етіп, арба итеріп бара жатқан қарашаның жоғына жұмсайық та. Өтініш, оларды «өздері жалқау» немесе «дүние жинауға есебі жоқ, демек, ақылы жоқ» деп күстаналауға асықпаңыздар. Олар Нұрсадық секілді орынбасарлардан жалқау да емес, кемақыл да емес. Олар...
Дәурен Абдраманов,
Фейсбуктен