АҚШ Қазақстан терминалы салынып жатқан Бендер-Аббас портына соққы жасады
АҚШ пен Иран арасындағы нәзік бітім қайта бұзылды. Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан үш коммерциялық кемеге жасалған шабуылдан кейін АҚШ әскері Иран аумағындағы бірқатар нысанға әуе соққыларын жасады.
Шабуыл жасалған нысандардың қатарында Қазақстан өз логистикалық терминалын салып жатқан Бендер-Аббас порты да бар екені хабарланды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әскери операция Иранға тиесілі стратегиялық инфрақұрылым нысандарына бағытталған.
Айта кетейік, Бендер-Аббас порты Қазақстан үшін халықаралық көлік-логистикалық бағыттарды дамытудағы маңызды нысандардың бірі саналады. Қазақстан бұл портта жүк тасымалын кеңейту мақсатында жеке терминал салу жобасын іске асырып жатыр.
Маусым айында тараптар көлік дәліздерін дамыту жөнінде келісімге келіп, Қазақстанға Ирандағы Шахид Раджаи портының бір бөлігін беру туралы уағдаласқан болатын. Болашақта бұл терминал қазақстандық тауарларды Парсы шығанағы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттаудың маңызды логистикалық торабына айналуы тиіс.