АҚШ Ормуз бұғазы маңындағы Иран нысандарына жаңа әуе соққыларын жасады
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Ормуз бұғазы маңындағы Иран аумағына жаңа әуе соққылары жасалғанын хабарлады.
Вашингтон бұл операция Иранның азаматтық және коммерциялық кемелерге қауіп төндіру мүмкіндігін шектеуге бағытталғанын мәлімдеді.
CENTCOM мәліметінше, шабуылдар АҚШ президентінің тапсырмасымен жүзеге асырылған. Америка әскері бұл операцияның мақсаты – Иранның Ормуз бұғазы арқылы еркін қатынап жатқан азаматтық және коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін әлсірету әрі аймақтағы шиеленісті тежеу екенін айтты.
Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасының хабарлауынша, Бендер-Аббас портының батыс бөлігінде, Сирик қаласы, Кешм аралы және Ормуз бұғазына жақын орналасқан Жаск қаласы маңында бірнеше күшті жарылыс болған.
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Кешм аралында бір адамның қаза тауып, екі адамның жараланғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ИРСК әлемдік мұнай саудасының шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы «АҚШ-тың аймақтағы араласуы тоқтағанға дейін жабық болады» деп мәлімдеді.
Алайда CENTCOM бұл ақпаратты жоққа шығарып, Ормуз бұғазы Иранның бақылауында емес екенін және халықаралық теңіз қатынасы қалыпты режимде жалғасып жатқанын хабарлады. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та осындай мәлімдеме жасаған болатын.
Иран көрші елдердегі нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді
12 шілдеде АҚШ әскері Иран аумағындағы шамамен 140 әскери нысанға соққы жасағанын хабарлады. Олардың қатарында зымыран және дрон қоймалары, байланыс орталықтары және басқа да әскери инфрақұрылым болған.
Вашингтон бұл операцияны Ормуз бұғазында ИРСК-тің GFS Galaxy контейнерлік кемесіне жасаған шабуылына жауап ретінде түсіндірді.
Ал Иран тарапы кемеге тек «ескерту оқтары атылғанын» және оның Тегеран белгілеген бағытпен жүрмегенін мәлімдеді.
АҚШ шабуылдарынан кейін Иран Қатар, Оман және Иордания бағытындағы нысандарға соққы жасағанын хабарлады. ИРСК мәліметінше, шабуылдар Қатардағы Әл-Удейд әуе базасы мен Омандағы Дукм портында орналасқан америкалық әскери нысандарға бағытталған.
Сонымен қатар Тегеран Ормуз бұғазында тағы бір кеменің қозғалысы тоқтатылғанын мәлімдеді.
Тараптар бір-бірін бітімді бұзды деп айыптап отыр
17 маусымда АҚШ пен Иран әскери қимылдарды тоқтату және Ормуз бұғазындағы қауіпсіз кеме қатынасын қалпына келтіру жөніндегі келісімге қол қойған болатын.
Алайда 25 маусымнан бері Иранның азаматтық кемелерге бірнеше рет шабуыл жасағаны туралы хабарлар тарады. Бұған жауап ретінде АҚШ Иран аумағындағы әскери нысандарға әуе соққыларын жасады.
Қазір екі тарап та бітім келісімін қарсы жақ бұзды деп мәлімдеп отыр.
8 шілдеде НАТО саммитінде сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумның іс жүзінде күшін жойғанын айтты. Ол Тегеранмен келіссөздердің нәтиже бермегенін мәлімдегенімен, америкалық келіссөз жүргізушілер қажет деп тапса, диалогты жалғастыра алатынын жеткізді. Сонымен бірге АҚШ Иранға қарсы мұнай санкцияларын қайта енгізді.
11 шілдеде Reuters агенттігі АҚШ пен Иран өкілдері арасында жабық келіссөздер өткенін хабарлады. Басылымның мәліметінше, Иран шенеуніктері Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған соңғы шабуылдар үшін жауапкершілікті «бақылаудан шыққан жекелеген күштерге» жүктеген. Алайда бұғаздағы жағдайға қатысты келіссөздер нақты келісімге қол жеткізбей аяқталған.