АҚШ пен Иран келіссөздерінің бірінші раунды аяқталды. Не белгілі?
Делдал мемлекеттер – Қатар мен Пәкістанның бірлескен мәлімдемесінде айтылғандай, АҚШ пен Иран 60 күн ішінде түпкілікті келісімге қол жеткізу бойынша «жол картасына» келіскен. Ал техникалық келіссөздер апта соңына дейін жалғасады.
Швейцарияда АҚШ пен Иранның жоғары лауазымды ресми өкілдері арасындағы келіссөздердің бірінші раунды 22 маусым күні таңертең аяқталды. Келіссөздердің басындағы шиеленіске Тегеранның Ормуз бұғазын тағы да жапқанын мәлімдеуі және АҚШ президентінің Иранға қарсы шабуылдарды қайта бастау туралы қоқан-лоққысы себеп болды.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс жексенбі күні Иран ресми өкілдерімен келіссөздерді бастаған еді. Бұл келіссөздер өткен аптада қол жеткізілген өзара түсіністік туралы меморандум шарттарына сәйкес өтті. Reuters агенттігінің жазуынша, талқылаулар дүйсенбі күні таңертеңге дейін жалғасқан.
Делдал мемлекеттер – Қатар мен Пәкістанның бірлескен мәлімдемесінде АҚШ пен Иран 60 күн ішінде түпкілікті келісімге қол жеткізу бойынша «жол картасына» келіскені айтылған. Қатар Сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеге сәйкес, техникалық келіссөздер апта соңына дейін Швейцарияның таулы Бюргеншток курортында жалғасады. Бұл курорт Катарға тиесілі.
Мәлімдемеде тараптардың Ливандағы әскери қимылдарды тоқтату тетігі бойынша келісімге келгені атап өтілді. Сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында келеңсіз жағдайлар мен түсінбеушіліктердің алдын алу үшін «байланыс желісі» құрылған.
АҚШ дипломаты BBC-ге берген сұхбатында талқылаулар ядролық келісімнің «элементтеріне» де қатысты болғанын айтты. Оның сөзінше, Швейцарияның Люцерн қаласында кездескен екі делегация да бүгінгі жұмысты алдағы техникалық келіссөздер үшін бастапқы нүкте ретінде қарастырып отыр.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи оның елі мұнай және мұнай-химия экспорты үшін шектеулерден босататын ерекше рұқсаттар алуға, бұғатталған кейбір активтерді қайтаруға, сондай-ақ Иранды қалпына келтіру және дамыту жоспарын іске қосуға қол жеткізгенін мәлімдеді. Ақ үй келіссөздердің әзірге аяқталғаны туралы пікір білдірген жоқ.
АҚШ пен Иран арасында түпкілікті келісімге қол жеткізу мақсатында өткен келіссөздердің бірінші раунды жақсы аяқталды, деп мәлімдеді делдалдар.
Келіссөздерге кімдер келді?
АҚШ делегациясын вице-президент Джей Ди Вэнс басқарды. Сондай-ақ келіссөздерге президент Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысты.
Иран делегациясына парламент спикері Мұхаммад Бақер Ғалибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Аракчи жетекшілік етті.
Сонымен қатар делдалдар қатарында Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф пен армия қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунир болды. Қатар премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Сани де келіссөздерге қатысты.

Келіссөздер басындағы шиеленіс
Жексенбі күні келіссөздер ресми түрде басталардан аз уақыт бұрын Трамптың Иран өкілдеріне, егер олар бұғазды тағы да жабуға әрекеттенсе, «елдеріңіз қалмайды» деп айтқаны туралы хабар тарады. Fox News дерегінше, Трамп АҚШ бұл су жолын өз бақылауына алып, тіпті өзі баж салығын жинауы мүмкін деген бұрынғы қоқан-лоққысын тағы қайталаған.
Иран БАҚ-тарының хабарлауынша, Трамптың қоқан-лоққылары жария болғаннан кейін Иран делегациясы келіссөздер өтіп жатқан кабинетке қайта кіруден бас тартқан. Алайда хабарламалар Пәкістан мен Қатар делдалдары арқылы жеткізіліп отырған.
Сондай-ақ ирандықтар ядролық мәселелер бойынша келіссөздердің басталуы үшін меморандумның өзге тармақтары, соның ішінде бұғатталған активтердің босатылуы және АҚШ-тың Иран мұнай экспортына рұқсат беретін ерекше жеңілдіктері орындалуы керек екенін айтқан.
«Ирандықтар ешқайда кеткен жоқ, олар әлі де осында және түнде де кездесулер мен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Біз басқа тақырыптармен қатар бұғаз, Ливан, ядролық мәселелер және меморандумды іске асырудың егжей-тегжейін талқыладық», – деген америкалық дипломат.
АҚШ ресми өкілінің сөзінше, жоғары деңгейдегі талқылаулардан кейін техникалық қызметкерлер келесі келіссөздерді жалғастыру үшін қалады.
АҚШ тарапының мәлімдемелері
Келіссөздер алдында сөйлеген АҚШ-тың бас келіссөз жүргізушісі Джей Ди Вэнс Трамп келіссөз жүргізушілерден қарым-қатынаста келесі кезеңге өтуді сұрағанын айтты. Оның сөзінше, егер Иран басшылығы «аймақтық тұрақсыздықтың қозғаушы күші» болудан және ұзақ мерзімді перспективадағы «ядролық қаруға ие болу ұмтылысынан» бас тартуға дайын болса, АҚШ «бұл елмен қарым-қатынасты түбегейлі өзгертуге дайын». Иран болса өзінің ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатты көздейтінін айтып келеді.
Сондай-ақ Вэнс Ливандағы зорлық-зомбылықтың салдарын аса ауыр деп бағаламай, ол жерде әскери қимылдарды аяқтау бойынша ілгерілеу бар екенін айтты.
АҚШ-та қалған президент Трамп болса, егер Иран өз одақтастарын тежемесе, оған қарсы шабуылдарды қайта бастайтынын айтып қорқытты.
«Иран Ливандағы үлкен ақы төленетін одақтастарының мәселе тудыруын дереу тоқтатуы керек. Егер бұлай істемесе, біз Иранға өткен аптадағыдай, тек одан да қаттырақ соққы береміз!!!»
Иранның бас келіссөз жүргізушісі Мұхаммад Бақер Ғалибаф бұған жауап ретінде былай деді:
«Олар егер қоқан-лоққылары қандай да бір нәтиже бергенде, бүгін мұндай үмітсіз жағдайға түспес еді деп ойламай ма?... Олар қанша сөйлесе де, әрекетті біз жасаймыз».

Ливандағы шайқастар және Ормуз мәселесі
Жұма күні Ливанда жаңа атысты тоқтату режимі жарияланғанына қарамастан, ол жерде шайқастардың тоқтап жатқанын көрсететін белгілер аз болды. Соның салдарынан Иран сенбі күні бұғазды тағы да жапқанын мәлімдеді.
АҚШ ресми өкілдері бұғаздың жабылғанын жоққа шығарды. Алайда коммерциялық ашық жүк тасымалы деректері оның әсері бірден сезілгенін көрсетті.
Иранның Fars ақпарат агенттігі жексенбі күні әскери дереккөзге сілтеме жасап, келесі ескертуге дейін кемелердің өтуі үшін жаңа рұқсаттар берілмейтінін хабарлады.
Reuters агенттігінің жазуынша, екі күндік қызу шайқастардан кейін жексенбі күні Ливанда соңғы уақыттағы ең тыныш күндердің бірі болғанға ұқсайды.
Катар мен Пәкістанның бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, тараптар Ливан мәселесі бойынша да келісімге келген. Атап айтқанда, «Ливанда әскери операциялардың тоқтатылуын қамтамасыз ету мақсатында өзара және Ливан Республикасының қатысуымен, сондай-ақ делдалдардың көмегімен қайшылықтарды реттеу орталығын құруға келісті» делінген мәлімдемеде.