АҚШ пен Иран Ормуз бұғазы бойынша келісімге келді
АҚШ пен Иран Ормуз бұғазын ашуды және Тегеранның жоғары деңгейде байытылған уран қорынан бас тартуын көздейтін принципті келісімге келген.
Бұл туралы The New York Times газеті хабарлады.
Басылымға хабарлаған америкалық жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, келісім Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуі мүмкін. Алайда құжатты екі ел басшылығының түпкілікті мақұлдауы үшін әлі бірнеше күн қажет болуы ықтимал.
NYT келісімнің нақты шарттары әзірге түсініксіз екенін атап өтті. Себебі Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы қаншалықты жылдам қалыпқа келетіні белгісіз. Сондай-ақ Ислам Республикасы бұғазға бақылауын сақтап қала ма, жоқ па — ол жағы да нақтыланбаған.
Иранның ресми өкілдері ықтимал келісімнің егжей-тегжейіне қатысты әзірге ашық пікір білдірмеді.
Ал Fox News телеарнасының хабарлауынша, АҚШ пен Иран келісімнің 95 пайызы бойынша ортақ ұстанымға келген. Бірақ тараптар Тегеранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазын бақылауға қатысты тұжырымдарды әлі де талқылап жатыр.
«Біз берілгелі отырған жоқпыз. Әлі толық келісімге келген жоқпыз. Бүгін де, ертең де құжатқа қол қоймаймыз», — деген АҚШ әкімшілігі өкілінің сөзін телеарна келтіреді.
Оның айтуынша, ядролық арсенал мен Ормуз бұғазы мәселелері бойынша негізгі уағдаластық бар, бірақ кейбір тұжырымдар нақтылауды қажет етеді. Сонымен қатар АҚШ әкімшілігі Вашингтон шығынын азайтатын әрі Иранның ядролық қару жасауына жол бермейтін мәмілеге қол жеткізуге мүмкіндік бар деп есептейді.
Бұған дейін Axios порталы Вашингтон мен Тегеран жақын уақытта 60 күндік өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы мүмкін екенін хабарлаған еді. Құжатта тараптардың келісімімен мерзімді ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.
Меморандумда бітімді жалғастыру, АҚШ-тың Иран порттарына қойған блокадасын алып тастау және Тегеранның ядролық қару жасамау жөніндегі міндеттемелері қамтылуы мүмкін.
Сондай-ақ ақпаратқа сәйкес, екі ай ішінде Ормуз бұғазы кемелер үшін ақысыз ашылып, Иран теңіз жолдарын минадан тазартуға келісуі ықтимал. Ал Таяу Шығысқа жіберілген америкалық әскерлер түпкілікті келісім жасалғанға дейін аймақта қала береді.