Сараптама

АҚШ пен Иран Парсы шығанағында жаңа шабуылға көшті

Дүйсенбі күні АҚШ күштері Иранның алты әскери катерін жойғанын және сауда кемелерін эсминецтердің сүйемелдеуімен Ормуз бұғазы арқылы өткізгенін мәлімдеді.

ормуз

Ал Иран БАӘ аумағындағы мұнай портына ракетамен соққы жасап, порт маңындағы төрт кеме дрон шабуылынан зақымданған.

АҚШ пен Иран Ормуз бұғазына теңіздік қысым арқылы бақылау орнатуға тырысып отыр. Бұл жағдай онсыз да әлсіз бітім келісімін шайқалтуда. Reuters дерегінше, 4 мамыр кешінде Парсы шығанағындағы бірнеше сауда кемесі жарылыс пен өрт болғанын хабарлаған.

Жаңа соққылар АҚШ президенті Дональд Трамп бұғазда тұрып қалған кемелерді өткізуге тағы бір әрекет жасағаннан кейін тіркелді. Әлемдік энергетика үшін маңызды бұл бағыт АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасағалы бері іс жүзінде жабық күйде қалып отыр.

Фуджейраға соққы

Алғашында Иран АҚШ әскери кемесіне ескерту ретінде оқ атқанын мәлімдеген. АҚШ бұл ақпаратты жоққа шығарды, кейін Тегеран «ескерту оқтары атылды» деп нақтылады.

Сол күні БАӘ-нің маңызды мұнай порты – Фуджейрада дрон және ракета соққыларынан өрт шыққаны хабарланды. БАӘ бұл әрекетті «қауіпті эскалация» деп бағалап, жауап қайтару құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді.

Қауіпсіздікке байланысты елде мектептер уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді. Сарапшылардың айтуынша, Фуджейра – Ормуз бұғазынан айналып өтіп, мұнай экспорттауға мүмкіндік беретін санаулы бағыттардың бірі.

Иран мемлекеттік телеарнасы бұл шабуылдарды «АҚШ әскери әрекеттеріне жауап» деп түсіндірді.

Кемелерге шабуыл

Оңтүстік Корея өз сауда кемесінде қозғалтқыш бөлімінде жарылыс пен өрт болғанын хабарлады. Зардап шеккендер жоқ, алайда оның шабуылдан болған-болмағаны әлі анық емес.

Британдық теңіз қауіпсіздігі агенттігі БАӘ жағалауында екі кеме соққыға ұшырағанын мәлімдеді. Ал ADNOC компаниясы өз танкерлерінің біріне ирандық дрон шабуыл жасағанын хабарлады.

АҚШ әскери күштері екі сауда кемесі әскери кемелердің сүйемелдеуімен бұғаздан өткенін растады. Ал Иран мұндай өтуді жоққа шығарды.

Аймақтағы АҚШ күштері Иранның алты шағын катерін жойғанын айтса, Тегеран бұл ақпаратты да тжоққа шығарды. АҚШ адмиралы Брэд Купер Иран күштеріне америкалық әскери нысандарға жақындамауды ескерткен.

Халықаралық БАҚ Ормуздағы жағдайды тәуелсіз түрде растау қиын екенін атап өтуде. Себебі тараптар бір-біріне қарама-қайшы мәлімет беріп отыр. Осы шиеленіс аясында мұнай бағасы 5 пайыздан астам өскен.

«Дағдарыстың әскери шешімі жоқ»

Соңғы әскери әрекеттер – өткен айда жарияланған бітімнен кейін бұғазды ашуға бағытталған алғашқы күш қолдану әрекеті болды.

Алайда бұл қадам күткен нәтиже бермеді: кеме қозғалысы артпады, керісінше Иран күш көрсетуге көшті.

Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы бұғаз тек олардың келісімімен ғана ашылатынын бұған дейін де ескерткен. Ірі тасымалдау компаниялары да қауіпсіздік толық қамтамасыз етілмейінше бұл бағытты пайдаланбайтынын айтты.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи дағдарыстың әскери шешімі жоқ екенін мәлімдеп, келіссөздердің Пәкістан арқылы жалғасып жатқанын жеткізді.

Белгісіз келіссөздер

Иран әскери басшылығы сауда кемелері өз қозғалысын олардың бақылауымен үйлестіруі тиіс екенін ескертті.

«Кез келген шетелдік әскери күш, әсіресе АҚШ армиясы, Ормузға жақындаса, шабуылға ұшырайды», – делінген мәлімдемеде.

АҚШ пен Израиль төрт апта бұрын Иранға соққыны тоқтатып, келіссөздердің алғашқы кезеңін өткізген. Алайда келесі кездесу әзірге ұйымдастырылмай отыр.

Қазіргі таңда АҚШ Иранның 14 тармақтан тұратын ұсынысына Пәкістан арқылы жауап жолдаған. Тегеран оны қарап жатқанын мәлімдеді.

Иранның ұсынысы соғысты тоқтатып, Ормуз мәселесі шешілгенге дейін ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді кейінге қалдыруды қарастырады. Ал Дональд Трамп бұл ұсынысты әлі зерттеп жатқанын, бірақ оны қабылдау екіталай екенін айтты.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз