Live

АҚШ пен Иран тағы да бір-біріне соққы жасады

АҚШ демалыс күндері Иранның әскери нысандарына соққы бергенін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы дүйсенбі күні Кувейттегі америкалық әскери базаға шабуыл жасағанын хабарлады.

АҚШ ұшағы

Америка Құрама Штаттарының Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәліметінше, жексенбі күні Иранның Парсы шығанағы жағалауындағы бірқатар нысандарына соққы жасалған.

Вашингтон бұл әрекетті «халықаралық әуе кеңістігінде ұшып жүрген АҚШ-тың MQ-1 ұшқышсыз аппаратын атып түсірген Иранның әрекетіне жауап» деп түсіндірді.

CENTCOM таратқан мәлімдемеде АҚШ әскери ұшақтары халықаралық сулар арқылы өтіп бара жатқан кемелерге қауіп төндірді деп танылған Иранның әуе қорғаныс жүйелерін, жердегі басқару станциясын және екі камикадзе-дронды жойғаны айтылған.

Сондай-ақ америкалық қолбасшылық қолданыстағы атысты тоқтату режиміне қарамастан, АҚШ-тың мүдделері мен әскери активтерін қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Өз кезегінде Ислам революциясы сақшылар корпусы Иранның оңтүстігіне жасалған шабуылдарда пайдаланылған АҚШ әскери әуе базасына соққы бергенін хабарлады. Алайда нақты қай база нысанаға алынғаны айтылған жоқ.

Агенттіктің мәліметінше, Кувейт билігі дүйсенбі күні әуе қорғаныс жүйелері бірнеше зымыран мен дрон шабуылын тойтарғанын мәлімдеген. Ел аумағында дабыл сиреналары қосылған. Кувейтте АҚШ-тың ірі әскери базаларының бірі орналасқан.

Бітімге қарамастан шабуылдар жалғасуда

АҚШ пен Иран арасында сәуір айының басында атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген болатын. Содан бері тараптар ұзақ мерзімді әрі берік келісімге қол жеткізуге тырысқанымен, келіссөздер әлі нәтиже берген жоқ.

Соған қарамастан екі ел ара-тұра бір-біріне соққы жасап келеді. Осындай оқиға өткен бейсенбі күні де болған. Сол кезде де тараптар бір-бірін кінәлаған еді.

28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операцияларының салдарынан негізінен Иран мен Ливан аумағында мыңдаған адам қаза тапты.

Сонымен қатар Иранның Ормуз бұғазы арқылы теңіз қозғалысын шектеуі әлемдік энергетика нарығына әсер етіп, мұнай мен газ бағасының қымбаттауына және жаһандық экономикалық қиындықтардың күшеюіне себеп болды.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл соғыстың негізгі мақсаты Иранның жоғары байытылған уран негізінде ядролық қару жасауына жол бермеу екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Ал Тегеран мұндай жоспарлары бар екенін үнемі жоққа шығарып келеді.

Келіссөздердегі негізгі түйткілдердің бірі – Иранның халықаралық санкцияларды алып тастау және шетел банктерінде бұғатталған ондаған миллиард долларлық мұнай кірістерін қайтару туралы талабы.

Аймақтағы тағы бір күрделі мәселе – Израильдің Ливандағы Иран қолдайтын Хезболла қозғалысына қарсы жүргізіп жатқан әскери операциялары.

31 мамыр күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху армияға «Хезболлаға» қарсы операция барысында Ливан аумағының ішкері бөліктеріне қарай тереңірек жылжуға бұйрық бергенін мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз