АҚШ пен Украина қаржы министрлері деңгейінде сирек металдар бойынша келісімге келді

Сауд Арабиясындағы келіссөздер кезінде Киев пен Вашингтон сирек металдар туралы келісімге қол қоймады. Екі елдің президенттері өз үкіметтеріне «бұл істі аяғына дейін жеткізуді» тапсырған.
АҚШ пен Украина арасындағы сирек металдар жөніндегі келісімді екі елдің қаржы министрлері келіссе де, Сауд Арабиясында өткен келіссөздерде талқыланған жоқ. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді.
«Біздің президенттер өз әкімшілігінің тиісті мүшелеріне оны аяқтауды тапсырды», - деді Рубио келіссөздер барысында келісімге неге қол қойылмағаны туралы сұраққа жауап беріп.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак та келіссөздер соңында АҚШ пен Украина президенттері маңызды минералдық ресурстарды өндіру туралы келісімді «мүмкіндігінше тезірек» жасауға келісті деп мәлімдеді.
Айта кетейік, 11 наурызда Сауд Арабиясының Жидда қаласында АҚШ пен Украина делегациялары келіссөздер жүргізді. Келіссөздер соңында украин тарапы 30 күнге атысты тоқтату режимін енгізуге келісті. Өз кезегінде Вашингтон Киевке барлау және әскери көмек «тез арада» қалпына келтірілетінін хабарлады.
Келіссөздерден кейін Владимир Зеленский видео үндеу жасап, Дональд Трампқа Украинаның ұсыныстарын түсінгені үшін алғыс айтты.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Дональд Трамп АҚШ пен Ресей өкілдері 11 немесе 12 наурызда кездесіп, Украинадағы атысты тоқтату мәселесін талқылайтынын айтты. Трамп сонымен бірге Украина президенті Зеленскийді Ақ үйге қайта шақыратынын айтты.