Live

Саддам Хусейннің ұшағы сатылымға шығарылды

Саддам Хусейннің ұшағы сатылымға шығарылды

1

Ирак билігі бұрынғы президент Саддам Хусейнге тиесілі болған Boeing 747 ұшағын сатылымға шығарды. 35 жылдан бері Тунисте тұрған екі ұшақтың жалпы бағасы 1,8 миллион доллар деп белгіленген.

Aerotelegraph басылымының хабарлауынша, 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыс кезінде Ирак екі Boeing 747 ұшағын қауіпсіз жерге көшіру мақсатында Туниске жіберген. Алайда содан бері әуе кемелері Бағдадқа қайтарылмаған.

Сатылымға шығарылған ұшақтардың бірі – 1982 жылы шығарылған, YI-ALM тіркеу нөмірі бар Boeing 747SP. Ол әуел бастан мемлекеттік басшыларды тасымалдауға арналған арнайы ұшақ ретінде жабдықталған.

"Әл-Кадисия" деп аталатын ұшақтың ішінде жеке апартаменттер, мәжіліс залы және ұйықтауға арналған орындықтары бар салон орналасқан. Әуе кемесі 1991 жылдың қаңтарынан бері Тунис шөліндегі Тозер-Нефта әуежайында тұр.

Ұшақтың Иракқа қайтарылуына халықаралық санкциялар, қаржылық даулар және тұрақ ақысының өсуі кедергі болған.

Iraqi Airways әуе компаниясы Саддам Хусейннің дәл осы ұшақпен сапарлағанын ресми түрде растамаған. Алайда тарихи фотосуреттер мен ұшақтың жабдықталуы оның мемлекет басшысына арналғанын көрсетеді.

Мәселен, 1983 жылдың қазанында Саддам Хусейннің Лондондағы үкіметаралық келіссөздері кезінде бұл ұшақ Ұлыбритания астанасында болған. Ал 1986 жылы Мәскеуге жасаған сапарында Хусейн Boeing 747SP ұшағының алдында суретке түскен.

Сатылымға қойылған екінші әуе кемесі – YI-AGP тіркеу нөмірі бар Boeing 747-200. Ол 330 жолаушыға арналған және жолаушылар мен жүк тасымалдауға пайдаланылған.

Екі ұшақ та қазіргі күйінде, ешқандай кепілдіксіз сатылып жатыр. Олардың қайта ұшуға жарамдылығы белгісіз. Тунис бұқаралық ақпарат құралдары әуе кемелерінің ұшуға жарамсыз екенін жазған.

Сатып алушы ұшақтарды тасымалдау, кедендік рәсімдеу және салық шығындарын өзі өтейді. Саудаға қатысушылар әр ұшақ үшін 180 мың доллар кепілдік жарна төлеуі тиіс.

Бұған дейін де Ирак билігі ұшақтарды сатуға әрекеттенген. 2023 жылы олардың әрқайсысына 494 мың доллар баға қойылғанымен, сатып алушы табылмаған.

Ұшақтардың Тунис әуежайында ондаған жыл бойы тұруы Ирак бюджетіне айтарлықтай салмақ түсірген. 2020 жылы ел билігі тұрақ үшін жиналған шамамен 5,4 миллион доллар қарызды өтеген.

Егер 2027 жылдың қаңтарына дейін сатып алушы табылмаса, Iraqi Airways компаниясы ұшақтарды металл сынығы ретінде өткізу мүмкіндігін қарастыруы ықтимал.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз