Жолаушылардың құқығын бұзған FlyArystan сотта жеңіліп қалды
Қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы жолаушылардың құқықтарын бұзуға қатысты Сауда және интеграция министрлігінің нұсқамасын сот арқылы даулап, жеңіліп қалды.
Тексеру барысында компанияның ішкі ережелерінде билет қайтару, қосымша төлемдер алу және шағымдарды қарау кезінде тұтынушылардың құқықтарын шектейтін талаптар анықталған.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жоспардан тыс тексеру жолаушылардың бірінің шағымынан кейін жүргізілген. Тексеруге Алматы қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, тиісті комитет пен Астанадағы аумақтық департамент мамандары қатысқан.
Тексеру барысында әуе компаниясының тасымалдау ережелерінен бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, тасымалдау шарттарын біржақты өзгерту, әуе тасымалдаушысының жауапкершілігін шектеу, кейбір қосымша төлемдерді заңсыз алу және жолаушылардың билет ақшасын қайтару құқығын шектеу фактілері тіркелген.
Сонымен қатар компания тұтынушыларға қажетті ақпаратты толық ұсынбаған және жазбаша шағым беру тәсілдеріне шектеу қойған.
Тексеру қорытындысы бойынша FlyArystan компаниясына заңбұзушылықтарды жою және ішкі тасымалдау ережелерін Қазақстан заңнамасына сәйкестендіру туралы нұсқама берілген.
Алайда әуе компаниясы министрліктің қорытындысымен келіспей, тексеру мен нұсқаманы заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа жүгінген.
2026 жылғы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты FlyArystan компаниясының талабын қанағаттандырудан бас тартты. Кейін апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Сот тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының авиациялық қызмет көрсету саласында тексеру жүргізуге құзыретті екенін және әуе компаниясына берілген нұсқаманың заңды әрі негізді екенін растаған.
Сауда және интеграция министрлігі әуе тасымалдаушыларының ішкі ережелері қолданыстағы заңнамаға қайшы келмеуі және жолаушылардың заңмен кепілдендірілген құқықтарын шектемеуі тиіс екенін атап өтті.
Ведомство алдағы уақытта да әуе билеттерін сату, ақшаны қайтару, қосымша төлемдер алу және азаматтардың шағымдарын қарау кезінде заң талаптарының сақталуын бақылауды жалғастырады.