АҚШ пен Жапония сарапшылары: Құрылтай сайлауы Қазақстанға деген тұрақтылық пен сенімді нығайтады
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы жаңа Конституцияны іске асырудың практикалық кезеңі әрі бір палаталы парламенттік модель жұмысының бастауы болмақ.
АҚШ пен Жапония сарапшылары жаңа заң шығарушы органның тиімді қызметі ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге, биліктің есептілігін арттыруға және Қазақстанға деген халықаралық сенімді нығайтуға ықпал етеді деп есептейді.
Алдағы сайлауға қатысты пікірлерін Atlantic Council Еуразия орталығы директорының орынбасары, америкалық сарапшы Эндрю Д’Аниери және бұған дейін Жапонияның Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған жапон дипломаты Касаи Тацухико білдірді. Екі сарапшы да сайлауды мемлекеттік институттардың ішкі дамуы және елдің халықаралық жағдайы тұрғысынан қарастырды.
Тиімді Құрылтай және биліктің есептілігі
Эндрю Д’Аниери америкалық сарапшылар қауымдастығы Қазақстанның жаңа конституциялық моделінің іс жүзінде жүзеге асырылуына жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
«Вашингтонда, әсіресе Орталық Азия бойынша сарапшылар арасында Қазақстан қабылдаған жаңа Конституцияның іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні үлкен қызығушылықпен күтіліп отыр. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы парламент, Құрылтай құрылады. Менің ойымша, Орталық Азияны жіті бақылап отырғандар бұл заң шығарушы орган тиімді заң шығару институтына айналып, ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылықты қамтамасыз ететініне сенімді», – деді Эндрю Д’Аниери.
Сайлау жаңа Конституцияның ережелерін нақты заңдар мен шешімдер арқылы жүзеге асыратын Құрылтайдың алғашқы құрамын айқындайды. Жаңа модельдің нәтижелілігі заң шығару жұмысының сапасына және өкілді органның елдің ұзақ мерзімді міндеттерін дәйекті түрде шеше алу қабілетіне байланысты болады.
Америкалық сарапшы тұрақтылық пен мемлекеттік институттардың есептілігі арасындағы өзара байланысқа ерекше назар аударды.
«Менің ойымша, Қазақстан қуатты әрі тұрақты мемлекет құру бағытында жақсы жұмыс атқарды. Вашингтонда біздің қарым-қатынасымыз өте жылдам қарқынмен дамып келе жатқандықтан, тұрақтылықтың одан әрі нығайғанын, сондай-ақ биліктің азаматтар алдындағы есептілігінің артқанын күтеді деп ойлаймын», – деді сарапшы.
Жаңа Құрылтай заң шығару жұмысының орталығы ғана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды буынына айналуға тиіс. Өкілді органның азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыру Қазақстанның ішкі дамуы үшін де, шетелдік серіктестермен қарым-қатынасын нығайту үшін де маңызды болмақ.
Тұрақтылық – халықаралық сенімнің негізі
Касаи Тацухико 23 тамыздағы сайлауды жаңа Конституцияның іс жүзіндегі көрінісі ретінде бағалайды.
«23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу – наурыздағы референдумда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның іс жүзінде жүзеге асуы әрі Қазақстандағы дамыған демократияның көрсеткіші. Бұл қадам құрметке лайық», – деді Касаи Тацухико.
Бұрынғы елші сыртқы саяси тұрғыдан сайлаудың өткізілуін Қазақстан қоғамының тұрақтылығымен және шетелдік серіктестердің сенімімен байланыстырды.
«Сонымен қатар, сыртқы саяси тұрғыдан бұл Қазақстан қоғамының тұрақтылығын көрсетіп, әлемге, соның ішінде Жапонияға Қазақстанға сенуге болатыны туралы белгі береді. Бұл – сіздердің елдеріңіз үшін үлкен артықшылық», – деді жапон дипломаты.
Шет мемлекеттер үшін саяси жүйенің тұрақтылығы мен мемлекеттік институттардың болжамдылығы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың маңызды шарттары саналады. Касаи Тацухиконың бағалауынша, Құрылтай сайлауы Қазақстанның сенімді әрі тұрақты серіктес ретіндегі беделін нығайтады.

Америкалық және жапон сарапшыларының бағалауы негізгі мәселеде тоғысады: 23 тамыздағы сайлаудың маңызы жаңа заң шығарушы органның құрамын жасақтаумен ғана шектелмейді. Құрылтайдың тиімді жұмысы ішкі тұрақтылықты нығайтып, мемлекеттік институттардың есептілігін арттыруға және Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын дамыту үшін қосымша негіз қалыптастыруға тиіс.