АҚШ Ресей мұнайына қатысты санкцияларды жеңілдету мерзімін 16 мамырға дейін ұзартты
Вашингтон ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін, егер олар танкерлерге алдын ала тиелген болса, сатуға қатысты санкциялық шектеулерді 16 мамырға дейін ұзартты. Бұл туралы 18 сәуір, сенбі күні Reuters агенттігі хабарлады.
Бұған дейін АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент мұндай жеңілдіктердің мерзімі ұзартылмайтынын мәлімдеген еді.
Айта кетейік, Ресей мұнайын экспорттауға қатысты алдыңғы жеңілдіктер 13 наурызда, Ирандағы соғыс салдарынан энергия тасымалдаушылар бағасы өскен кезеңде енгізілген болатын. Ол 30 күнге есептеліп, 11 сәуірге дейін әрекет етті. Сол кезде Бессент бұл шараны «нақты бағытталған және қысқа мерзімді» деп атап, оның Мәскеудің мұнай табысына айтарлықтай әсер етпейтінін айтқан.
Ресей табысы артты
Сонымен қатар, The New York Times басылымы 13 сәуірде АҚШ санкцияларын жеңілдеткеннен кейін Ресей күн сайын мұнай сатудан қосымша 100 миллион доллардан астам табыс таба бастағанын хабарлады.
Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) мәліметіне сәйкес, наурыз айында Ресейдің мұнай сатудан түскен кірісі ақпанмен салыстырғанда екі есеге жуық өсіп, 19 миллиард долларға жеткен. Бұл өсім Таяу Шығыстағы қақтығыстармен байланысты мұнай бағасының қымбаттауымен түсіндіріледі.
Алайда NYT мәліметінше, АҚШ-тың санкцияларды жеңілдетуі әлемдік мұнай бағасына айтарлықтай әсер ете қоймаған. Өйткені ресейлік мұнайдың едәуір бөлігі халықаралық шектеулерді айналып өтіп, «көлеңкелі флот» деп аталатын танкерлер арқылы тасымалданады.