Әлеумет

Ақтауда қайтыс болған депутат ісі: тексеру пластикалық хирургия клиникасынан заңбұзушылықтар тапты

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов пластикалық ота жасату үшін барған жекеменшік клиникада оның өлімінен кейін жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Ербол А

Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облыстық департаменті хабарлады.

Қант диабеті болған

Ведомствоның мәліметінше, пациент қайтыс болғаннан кейін көрсетілген медициналық көмектің сапасына жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

– Тексеру барысында ұйымдастыру-тактикалық, емдеу-диагностикалық іс-шаралар мен медициналық құжаттаманы жүргізуде кемшіліктер анықталды, – деп мәлімдеді департамент.

Белгілі болғандай, 2026 жылғы 4 сәуірде сағат 13:35-те Ербол Айтуовтың жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдеммен Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Ал 2026 жылғы 5 мамырда жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Тексеру кезінде Ербол Айтуовтың 2-типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны анықталған. Бақылау органының пікірінше, бұл жағдай операция алдында эндокринологқа жолданып, қандағы қант деңгейін түзетуге негіз болуы тиіс еді.

Алайда мұндай қосымша тексерулер жүргізілмеген.

– Науқас операция алдында эндокринологтың кеңесіне жіберілмеген. Талдау барысында жоспарлы операцияға дейінгі дайындық пен қауіпті бағалаудың кейбір кезеңдері қолданыстағы стандарттарға толық сәйкес орындалмағаны анықталды, – деп хабарлады ведомство.

Департамент мәліметінше, пациентті жоспарлы операцияға жіберу немесе жібермеу туралы шешім үшін клиниканың бас дәрігері қызметін қатар атқаратын пластикалық хирург жауап береді.

Тексеру қорытындысы бойынша, науқаста қосымша аурулар анықталғанына қарамастан, дәрігер эндокринолог пен терапевтке жолдама бермеген және операция жасау мүмкіндігін бағалау үшін қажетті қосымша тексерулер тағайындамаған.

– Зертханалық көрсеткіштердегі ауытқуларды ескере отырып, пациентті қосымша тексеруге жіберіп, анықталған мәселелерді түзету қажет болған, – деп атап өтті департамент.

Әкімшілік хаттама толтырылды

Тексеру нәтижесінде медициналық орталыққа анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 464-бабы 1-бөлігі («Лицензиялау талаптарын немесе рұқсат беру рәсімдерін бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Сонымен қатар тексеру материалдары Маңғыстау облысының полициясы мен прокуратурасына жолданған. Енді медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық бағаны құқық қорғау органдары береді.

Бұған дейін де шағымдар болған

Фармацевтикалық бақылау департаментінің мәліметінше, бұл медициналық орталықта бұған дейін де пациенттердің шағымдары негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Оның бірі 2023 жылы, екіншісі 2025 жылы өткен.

Клиника 2015 жылғы 31 шілдеде берілген лицензия негізінде жұмыс істейді. Лицензияға сәйкес мекеме ересектерге стационарлық медициналық көмек көрсету, пластикалық хирургия, анестезиология және реаниматология қызметтерін жүзеге асыруға құқылы.

Ведомство пластикалық операцияларды жүргізу үшін жалпы медициналық лицензия жеткіліксіз екенін атап өтті. Мұндай қызметке міндетті түрде пластикалық хирургия бойынша арнайы рұқсат болуы тиіс.

Клиниканың ұстанымы

Ербол Айтуовтың қайтыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін медициналық орталық Instagram парақшасында мәлімдеме жариялаған.

Онда клиника өкілдері жарияланымдарда айып тағылған дәрігердің аталған операцияны жасамағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар мекеме өзінде қажетті лицензиялардың бар екенін айтып, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Қылмыстық іс қозғалған

Еске салсақ, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов иек тұсындағы артық майды алдыру үшін жекеменшік клиникаға жүгінген.

Пациент қайтыс болғаннан кейін медициналық мекемеде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бұған дейін Маңғыстау облыстық полиция департаменті 49 жастағы ер адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз