Әлеумет

Ақтауда қайтыс болған депутаттың денесін эксгумациялау қажет болуы мүмкін

Ақтау қаласында пластикалық операциядан кейін көз жұмған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов ісі бойынша жаңа мәліметтер пайда болды.

Ербол А

Lada.kz мәліметінше, марқұмның отбасы атынан сөйлеген адвокат Алдирза Қуанышкереев медициналық орталықтың ғана емес, тергеу органдарының әрекетіне де күмән келтіріп отыр.

Адвокаттың айтуынша, сәуір айында Ербол Айтуов мойын мен иекті тарту операциясын жасау үшін «Қасиет» медициналық орталығы клиникасына жүгінген. Наркоз салынғаннан кейін депутат комаға түсіп, бір айдан соң Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасында қайтыс болған.

Қуанышкереевтің сөзінше, операция алдындағы тексеру толық жүргізілмеген, науқаста қарсы көрсетілімдер болған және анестезияға келісім тиісті түрде алынбаған болуы мүмкін.

Сондай-ақ адвокаттың мәлімдеуінше, медициналық орталықта дәл осы ғимарат бойынша «анестезиология және реаниматология» қызметін көрсетуге арналған лицензия қосымшасы болмаған. Оның айтуынша, мұндай қызмет үшін операциялық және реанимациялық блоктар, арнайы жабдықтар мен рұқсат құжаттары болуы тиіс.

Қорғаушы тараптың тергеу әрекеттеріне де сұрағы бар. Адвокаттың айтуынша, марқұмның денесі туыстарына сот-медициналық сараптамасыз берілген. Ал отбасы мұндай жағдайда сараптама міндетті түрде жасалуы керек деп есептейді.

Енді нақты өлім себебін анықтау үшін мәйітті эксгумациялау қажет болуы мүмкін.

Айтуовтың отбасы кінәлілерді Қылмыстық кодекстің 317-бабы — медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

Ал «Қасиет» медициналық орталығы тағылған айыптарды жоққа шығарды. Бас дәрігер Артур Тәжиев орталықтың 2015 жылдан бері жұмыс істейтінін және хирургия, анестезиология, реанимация мен стационарлық көмек көрсетуге барлық лицензиясы бар екенін мәлімдеді.

Клиника нұсқасы бойынша, операция мүлде басталмаған. Тәжиевтің айтуынша, наркоз енгізілгеннен кейін науқастың қан қысымы 210–220-ға дейін күрт көтеріліп кеткен. Осыдан кейін операция тоқтатылып, бірнеше сағат бойы дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыруға тырысқан. Кейін жедел жәрдем шақырылған. Ал облыстық ауруханада науқасқа инсульт диагнозы қойылған.

Бас дәрігер Ербол Айтуовтың өзінің жақын досы болғанын және бұған дейін де осы клиникада пластикалық операция жасатқанын айтты. Сонымен бірге ол операция «таныстықпен» немесе қажетті рәсімдерсіз жасалды деген әңгімені жоққа шығарды.

Клиника басшылығы оқиғадан кейін барлық материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырғанын және тергеумен ынтымақтасып жатқанын мәлімдеді.

Науқастың жағдайының күрт нашарлауына нақты не себеп болғаны — анафилактикалық реакция ма, дәрігерлік қателік пе, қатар жүретін аурулардың асқынуы ма, әлде басқа фактор ма — тергеу барысында анықталмақ.

Іс прокуратура бақылауына алынған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз