Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:42, 17 Қаңтар 2024

Ақтөбеде қызылшаға шалдыққан бес бала жансақтау бөлімінде жатыр

қызылша
Фото: из открытых источников

Ақтөбеде қызылша ауруы басылмай тұр. Қазіргі таңда қалада бес бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаеваның айтуынша, бұл балалардың барлығы екпе алмаған.

—Жансақтау бөлімінде жатқан балалар пневмония, бронхит диагнозы бойынша емделіп жатыр. Барлығы дәрігерлердің бақылауында. Жағдайлары қалыпты. Аппаратқа таңылған бала жоқ. Жалпы облыс бойынша 145 адам ем алып жатса, оның 129-ы — балалар, — деді басқарма басшысы.

Облыс бойынша қызылшаға шалдыққандарға арналған 327 кереует болса, оның 263-і балаларға арналған.
Аурудың алдын алу мақсатында қазір облыста жаппай иммундау жұмыстары жүріп жатыр.

—Вакцина —балаларды аурудан қорғаудың бірден бір тәсілі. Алтыншы қарашадан бастап 6 және 10 айлық балаларды қызылшаға қарсы иммундау басталды. Бүгінгі күні өңірде 5 мыңнан астам бала екпе алды. Ал желтоқсан айынан бастап 2-4 жастағы балаларға екпе салына бастады. Қазіргі күні осы жастағы 30 мыңнан астам бала екпе алды. Ал бұрын балалар бір жасында және екінші рет алты жасында алатын. Ал жаппай иммундау кезінде барлығы алады, — деді Бақытжан Түлкібаева.

Инфекциялық аурулар бірден басылмайды. Оның ішінде қазір жедел респираторлық вирусты инфекцияға шалдыққандар бар. Осының барлығы аурудың асқынуына әкеледі екен. Сондай-ақ Бақытжан Түлкібаева облыста 2 мыңнан астам ата-ана әр түрлі себепке байланысты балаларына екпе салдырудан бас тартқанын айтты. Оның ішінде туа бітті ауруға шалдыққан, өзге де дерті бар балалардың ата-аналары болса, біреулері вакцинаға сенбейді, енді бірі жеке көзқарасы бойынша балаларына екпе салдырмаған. Тұрғындар арасында вакцинаның маңызы туралы түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 241 ата-ана көзқарасын өзгертіп, балаларына вакцина салдырыпты. Басқарма өкілі облыста қызылшаға қарсы вакцинаның жеткілікті екенін айтты. Сондай-ақ тұрғындар барынша сақтанып, аурудың белгілері байқалған жағдайда уақыт өткізбей дәрігерге қаралуға кеңес берді.

Кәмшат Қопаева.

Тегтер: