Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылының бойында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі аяқталды.
Іс бойынша айыпталушы Александр Пак Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жол апатынан қаза тапқан Томиристің әкесіне 10 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Сот үкімімен Александр Пак өмір бойына көлік жүргізу құқығынан да айырылды.
Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Тақырыпқа орай: «Миллиардердің ұлы емеспін, бәріне өз күшіммен жеттім» – Александр Пак сотта соңғы сөзін айтты
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Әлібек Күмісбеков Александр Пакқа 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.
Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 2026 жылы 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен.
Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты.
Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.