Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Марқұмдардың тағы бір туысы Пакқа шағымы жоқ екенін айтты
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.
Өткен сот процесінде қайғылы оқиғаның алдында Александр Пакпен бірге мейрамханада болған куәгерлерден жауап алынды және қайғылы жол апаты болған орынға бірінші болып жеткен полицей куәлік еткен болатын.
Бүгінгі процесте қайғылы жол апатынан қаза тапқан Еламан Тілемесовтың ағасы Қанат Тілемесовтан жауап алынды.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға туралы хабарды 21 наурыз күні таңертең қарындасынан естіген. Кейін мәйітханаға барған.
«Таңертең қарындасым телефон шалып, Еламанның жол апатына түсіп, көз жұмғанын айтты. Осыдан кейін мәйітханаға барып, оны таныдық. Кейін полицияға арыз жазып, оның құжаттары, сағаты мен сөмкесі секілді жеке заттарын алдық», – деді ол сотта.
Сот барысында жәбірленуші тараптың өкілінен айыпталушыға қатысты ұстанымы мен жазаға байланысты талабы сұралды.
Жәбірленуші айыпталушы Пакқа ешқандай жеке шағымы жоқ екенін айтты. Сонымен қатар ол жаза тағайындау мәселесін соттың құзырына қалдыратынын жеткізді.
«Оған қатысты ешқандай шағымым жоқ. Барлығы заңға сәйкес шешілсін», – деді жәбірленуші.
Осылайша, жәбірленуші тарап айыпталушыға қатысты талап қоймайтынын мәлімдеп, түпкілікті шешім қабылдауды соттың қарауына тапсырды.
Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.