Қоғам

Әл-фараби даңғылындағы жол апаты: Zeekr автокөлігінің жүргізушісі істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды.

Сот

Қылмыстық іс ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу бабы бойынша сараланған. Іс бастапқыда «жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қаралған болатын.

Zeekr автокөлігінің жүргізушісі Александр Пак істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.

Сонымен қатар, адвокат өзінің қорғауындағы Александр Пакты денсаулығына байланысты сот процесіне онлайн қатыстыруды сұрады. Айтуынша, айыпталушы өз еркімен қозғала алмайды, жүріп-тұруында қиындық бар. Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне айыпталушыны фото-видеоға түсіруге, сот залынан тікелей эфир жүргізуге тыйым салынды.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болған еді. Қарсы бағытқа шығып кеткен Zeekr маркалы көлік Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.Қатты соққы салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты.Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr жүргізушісі жеңіл дәрежеде мас күйде болған. Ол ауруханадан шыққаннан кейін бірден тергеу изоляторына қамалған.Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде апатқа полицейлер қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Осыған байланысты арнайы тексеріс басталған.Тексеру нәтижесінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылды. Сонымен қатар полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Маржан СӘБЕТ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз