Әлеумет

Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты тағы бір қылмыстық іс тоқтатылды

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тағы бір қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Жол апаты

2026 жылғы 26 наурызда, қайғылы оқиғадан бірнеше күн өткен соң, ІІМ өкілдері мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі мүмкін деген дерек бойынша қызметтік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған болатын.

Кейін белгілі болғандай, іс Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша тергелген.

Алайда ІІМ-нің мәліметінше, 2026 жылғы 3 маусымда сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, яғни қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Бұған дейін айыптау тарапы сотталушының көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 мемлекеттік нөмірімен басқарғанын мәлімдеген еді.

Полицейге қатысты іс прокуратура қарауында

Жол апатына байланысты тағы бір қылмыстық іс 2026 жылдың наурызынан бері қызметтік әрекетсіздік фактісі бойынша тергеліп жатыр.

Күдікті ретінде Алматы қалалық полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі танылған.

ІІМ мәліметінше, бұл іс бойынша тергеу аяқталған.

«2026 жылғы 20 мамырда Алматы қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік») бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс қазір Алматы қаласының прокуратурасында зерделеніп жатыр», – деп хабарлады министрлік.

Жалған куәлік беру ісі де тоқтатылған

Бұған дейін Әл-Фараби даңғылындағы резонансты жол апатына байланысты жалған куәлік беру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істің де тоқтатылғаны белгілі болды.

Тергеу мәліметінше, жалған жауапты сотталушы А.П.-мен қайғылы оқиға алдында бірге болған адамдар беруі мүмкін деген күдік болған. Алайда полиция қылмыс белгілерін анықтамағандықтан, 2026 жылғы 28 мамырда іс жабылған.

ІІМ бұл шешімнің заңдылығына түпкілікті бағаны прокуратура беретінін атап өтті.

Zeekr жүргізушісіне қандай айып тағылып отыр?

Үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.

А.П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша айыпталуда. Бұл бап мас күйінде көлік жүргізіп, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған жағдайларға қатысты қолданылады.

Аталған бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы қарастырылған.

Прокурордың айтуынша, А.П. Zeekr автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарған.

Сондай-ақ ол тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірін пайдаланған.

Тергеу дерегіне сәйкес, жүргізуші Меңдіқұлов көшесі қиылысында қарсы бағытқа шығып кетіп, шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz көлігімен бетпе-бет соғысқан.

Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі (1996 жылы туған) мен екі жолаушысы (2003 және 2005 жылы туған) оқиға орнында қаза тапты.

Көлік жылдамдығы – сағатына 219 шақырым

Сотта жарияланған сараптама қорытындыларына сәйкес, сотталушының қанынан 1,30 промилле алкоголь анықталған.

Сондай-ақ Zeekr көлігінің соқтығысар алдындағы жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.

28 мамырда өткен сот отырысында А.П. қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрады.

«Ешқандай сөз де, әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасыға қандай қайғы әкелгенімді білемін. Өз әрекетімді ақтауға тырыспаймын. Заң бойынша қандай жаза болса да көтеруге дайынмын. Тек бостандыққа шыққаннан кейін қолымнан келгенше сіздердің отбасыларыңызға көмектескім келеді», – деді ол.

Марқұмдардың туыстары шартты жаза сұрады

1 маусымда басталған негізгі сот талқылауында екі марқұмның туыстары сотталушымен татуласқанын айтып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады.

Олардың қатарында 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісінің және 2003 жылы туған жолаушы қыздың туыстары бар.

Сондай-ақ қаза тапқан қыздың анасы бұрын жоспарланған 100 миллион теңгелік азаматтық талап-арыздан бас тартқан.

Ал 8 маусымда үшінші марқұмның – 2005 жылы туған қыздың отбасы да сотталушыны кешіргені белгілі болды.

А.П. сотта өз кінәсін толық мойындады.

Дегенмен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов жәбірленуші тараптың кешірімі айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтынын мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз