Әл-Фарабидегі адам өліміне әкелген жол апатының ісі сотқа жіберіледі
Алматыда үш адамның өліміне себеп болған Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Санжар Әділовтың айтуынша, тергеу соңғы кезеңге жеткен.
«Алматыдағы жол апатына қатысты іс аяқталу сатысында тұр. Алдағы күндері материалдар алдымен жәбірленуші тарапқа танысу үшін беріледі, содан кейін күдікті мен оның қорғаушыларына ұсынылады», – деді ол Мәжіліс кулуарында.
Одан кейін іс сотқа жолданады.
Айта кетейік, 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соғысқан.
Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі – 29 жастағы ер адам және оның 20 мен 22 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан.
Zeekr жүргізушісі аман қалып, жарақатпен ауруханаға жеткізілген. 26 наурызда тергеу соты оны қамауға алды.
Тергеу мәліметінше, апат кезінде жүргізуші жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған. 7 сәуірде күдікті ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылған.
Оған Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша – «Жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуы» дерегімен іс қозғалды. Аталған бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкерінің қатысуымен болған көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар тараған. Осыдан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды.
ІІМ Алматы полиция департаментінің бірқатар басшыларын қызметінен шеттеткен, сондай-ақ олардың бірінің жүргізушісі ұсталған.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі видеоларға сүйеніп, оқиғаға полиция қызметкері қатысы болуы мүмкін екенін айтқан.
26 наурызда ІІМ ресми мәлімдеме жасады. Ведомство мәліметінше, ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылған.