Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:30, 06 Қараша 2024

Алатау бөктерінде мың бұралған бишілер

1

Алматы Theatre сахнасында ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 69-шы жаңа маусымының ашылуы өтті.

Өнер кешінің бағдарламасы «Азия аңыздары» деп аталды.

1

«Самғау» би қойылымымен ашылған кеште көрермендер «Жастық жалын», Тәжік биі «Идона», ұйғыр биі «Долан», корей биі «Кальчум», Қыз қуу» және тағы да басқа көптеген ерекше би қойылымдарын тамашалады. Концертте ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Рахат Сәрсенов, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Бақыт Мырзабекова, Аяулым Жұмахан, Айсәуле Қайырғазина өнер көрсетті.

1

«Жаңа маусымда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі көрермендерін талай тың дүниемен қуантып отыр. Қазақтың кәсіби би мектебін Шара Жиенқұлова секілді мың жылда бір туатын тұлғалар шоғыры қалыптастырғанымен ұлттың өнеріміздің тарихы ықылым заманнан басталады. Оған біз де, парақтасаң сыры таусылмайтын көне тарих та куә. Сол саф өнердің тұнығын лайламай, жаңа заманға жеткізе білген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі осынау ұлы өнердің өрісін кеңейтіп, елдің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығының үлгісін көрсетіп келеді», - деді ансамбль директоры Елубай Кенжалиев.

1

«Би – бұл үлкен өнер. Ал, үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінетіні ақиқат. "Өнер-өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал" деп айтқандай, саф өнерді әрқашанда бағалайық, қолдайық. Сахнаның сыртында қаншама тер, балет артистерінің үздіксіз дайындығы, ұжымның үлкен еңбегі жатыр. Бүгінгі салтанатты кешімізде үмітіміз ақталды. Тек біз ғана емес келген кеш көрермендері де ерекше сезімде жүр. Жүздерінен таңданыс пен қуанышты байқадым. Бұл бүгінгі концерттің жетістігі» - деді көркемдік жетекші Қуанышбек Төлеген.

Айта кетейік, талай дарын түлеп ұшқан ұжым келер жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Тегтер: