Қазақстандықтарға жалған қоңырау шалған трансұлттық топ сотталды
Астанада трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысты қылмыстық іс бойынша 24 адам сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот барлық 24 сотталушыны кінәлі деп танып, әрқайсысына сегіз жыл түрме жазасын тағайындаған.
Сот анықтағандай, топ мүшелері арасында міндеттер алдын ала бөлініп, олардың әрекетін ұйымдастырушылар үйлестіріп отырған. Қатысушылардың басым бөлігі Қазақстанға Ресейден келген. Кейбірі ұйымдастырушылардың тапсырмасымен қажетті жабдықтарды алу үшін Ресейге барған.
Орындаушылар негізінен Telegram арқылы табылған. Оларға белгілі бір қалаға барып, тұрғын үй жалдау, SIM-box жабдығын алу немесе жеткізу, оны интернетке қосу, қазақстандық байланыс операторларының SIM-карталарын орнату және құрылғының жұмысын қамтамасыз ету тапсырылған. Бұл жұмысы үшін олар тәулігіне 50-ден 100 долларға дейін ақы алған.
Тергеу барысында сотталғандардың телефондарынан Telegram желісіндегі хат-хабарлар табылған. Онда жабдықты орнату және пайдалану, SIM-карталарды ауыстыру, берілген тапсырмаларды орындау және координаторларға есеп беру жөніндегі нұсқаулықтар болған.
Сот мәліметінше, SIM-box арқылы қазақстандық азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасалған. Қоңырау шалушылар өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің, «Қазпоштаның» және басқа ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардан растау кодтарын алған. Сондай-ақ оларды несие рәсімдеуге және ақшаны өзге шоттарға аударуға көндірген.
Сотталушылардың кінәсін мойындамағанына қарамастан, прокуратура ұсынған дәлелдер олардың ұйымдасқан қылмыстық әрекетке қатысын растаған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.