Алда - сайлау! Қамдана беріңіз!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтарда өтеді. «Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысу үшін дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды» деген Қазақстан Президенті Үндеу жариялады. «Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады» дей келе, Қасым-Жомарт Тоқаев, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен қатар парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады» деді.
Ендігі жерде, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық берілетіні мәлім болды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелерге сәйкес, парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.
Тағы бір жаңалық. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. «Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады» деді Президент өз үндеуінде.
Әне-міне дегенше, жаңа жыл да есік қағады. Қаңтардың оны күні кәрі-жас өз таңдауын жасайды. Саяси белсенділікке серпін беретін компанияның Қазақ елінің күнделікті тұрмысына қандайда бір өзгеріс әкелетіні анық. Үгіт жүреді, бағдарлама ұсынылады. Сайлаудан хабар келгенде, саясаткерден де маза қашады. Маза дегенде, оларға жұмыс табылатынын айтып отырмыз. Бірі насихатшы, екіншісі сарапшы, үшіншісі тізімге ілінуге ұмтылып, саяси сахнаға да қан жүгіреді. Кім неге жүгінеді? Оны уақыт көрсетеді. Сайлау күні белгілі. Сайланып қалуға құмар жандар қамдана жатар...