Әлемдегі ең ықпалды екі тұлға қайта кездескелі отыр
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда, Ирандағы соғыс, жасанды интеллект және Тайвань мәселелері алдағы келіссөздердің басты тақырыптарына айналмақ. Алайда сарапшылар бұл кездесуден үлкен нәтижелер күтпейді.
АҚШ президенті Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин келесі аптада Бейжіңде кездеседі. Бұл саммит әлемдегі екі ірі державаның бәсекелестігінің келесі кезеңін айқындайтын маңызды келіссөз ретінде бағаланып отыр.
14 мамырда басталатын екі күндік кездесуде Трамп пен Си Ирандағы соғыс, сауда, Тайвань және өзге де күрделі мәселелерді талқылайды деп болжанған. Екі лидер соңғы рет 2025 жылдың қазан айында Оңтүстік Кореяда кездескен еді. Сол кезде АҚШ Қытай тауарларына 100 пайыздан астам баж салығын енгізіп, ал Бейжің сирек жер металдарының жаһандық жеткізілімін тоқтатамыз деп қорқытқан сауда соғысы уақытша тоқтаған болатын.
The New York Times басылымының жазуынша, алдағы саммит АҚШ пен Қытай арасындағы қазіргі тұрақсыз “жылымық” кезеңінің сақталу-сақталмауын шешуі мүмкін.
Соңғы кездесуден бері не өзгерді?
Дональд Трамп Қытайдың Таяу Шығыстағы негізгі серіктесі саналатын Иранмен соғысқа кірісті. Бұл жаһандық энергетикалық дағдарысты күшейтіп, АҚШ-тың әскери ресурстарын Шығыс Азиядан басқа жаққа бұрып жіберді.
Сонымен қатар соғыс АҚШ-тың оқ-дәрі қорын азайтты. Бұл Қытай сарапшылары арасында Вашингтон Тайваньды қорғауға қауқарлы ма деген күмән туғызған.
Ал Си Цзиньпин болса экономикалық өсімнің баяулауы мен энергия бағасының қымбаттауына тап болды. Бұдан бөлек, Бейжің экспортқа тәуелді экономикаға соққы беруі мүмкін жаһандық рецессия қаупімен күресіп жатыр.
Келіссөздердің күн тәртібінде не бар?
Трамп пен Си алдымен сауда мәселелерін, соның ішінде екі ел арасындағы инвестициялық жобаларды талқылайды деп болжанған.
Вашингтон “Бес B” (Five B’s) деп аталатын бағыттарға назар аударып отыр. Олардың қатарына:
-
Boeing ұшақтарын Қытайдың сатып алуы;
-
АҚШ сиыр еті;
-
америкалық соя бұршағы;
-
Инвестициялық кеңес (Board of Investment);
-
Сауда кеңесін (Board of Trade) құру кіреді.
Бұл құрылымдар ұлттық қауіпсіздікке қауіп тудырмайтын экономикалық ынтымақтастық бағыттарын айқындауға тиіс.
Ал Қытай “Үш T” (Three T’s) мәселесіне басымдық беріп отыр:
-
тарифтер;
-
технология;
-
Тайвань мәселесі.
Бейжің былтырғы уақытша сауда бітімін ұзартуды және жартылай өткізгіштерге қатысты экспорттық шектеулерді жеңілдетуді талап етуі мүмкін.
Си Цзиньпин Тайваньдың Қытайдан бөлінуіне ешқашан жол бермейтінін айтып, АҚШ-тан аралға қолдауды азайтуды сұрауы ықтимал.
Ал Трамп Қытайды Иранға ықпал етіп, Ормуз бұғазын қайта ашуға көндіруге шақыруы мүмкін.
Сондай-ақ тараптар жасанды интеллект тәуекелдерін басқару бойынша ынтымақтастықты да талқылайды.
Бұдан бөлек, Трамп Гонконг белсендісі Джимми Лай ісін көтеретінін мәлімдеген. Ол биыл ақпанда 20 жылға сотталған болатын.
Келіссөздерде Қытайдың ядролық қаруы, Оңтүстік Қытай теңізіндегі қауіпсіздік және АҚШ-қа фентанил ағынын азайту мәселелері де сөз болуы мүмкін.
Қандай нәтиже күтіледі?
The New York Times мәліметінше, Трамп Сиді жиі “досым” деп атайды және АҚШ-қа қытайлық инвестициялардың көбірек келуін жариялауға мүдделі.
Алайда сарапшылар ірі экономикалық келісім немесе түбегейлі мәміле болады деп күтпейді. Ең ықтимал нәтиже – бірнеше шағын инвестициялық келісім және былтырғы уақытша сауда бітімін ұзарту.
Америкалық шенеуніктердің айтуынша, Трамп пен Си биыл төрт ретке дейін кездесу өткізуі мүмкін.
Center for Strategic and International Studies жанындағы China Power жобасының директоры Бонни Лин Қытай ішінде АҚШ-қа деген сенімсіздік сақталып отырғанын айтқан.
Сондықтан бұл саммит екі тарап үшін де қарсылас жалғасып жатқан кезеңде уақыт ұту тәсілі ретінде қарастырылып отыр.
Не кедергі келтіруі мүмкін?
Ирандағы соғыс келіссөздерді қиындатуы ықтимал. Өткен айда Си Цзиньпин Трамптың атын атамай, АҚШ-тың халықаралық құқықты елемеуін “орман заңының қайта оралуы” деп сынаған.
Соған қарамастан Қытай Иранды АҚШ-пен келіссөз жүргізуге шақырып келеді. Бірақ Бейжің соғысты тоқтатуға тікелей араласуға асығар емес. Қытай үшін бұл – Вашингтонның мәселесі.
Осы аптада Қытай сыртқы істер министрі Ван И Бейжіңде Иран сыртқы істер министрі Аракчимен кездесті. Кездесу барысында Қытай Ормуз бұғазын ашуға шақырып, Иранның ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану құқығын қолдайтынын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта АҚШ пен Қытай экономикалық қысым құралдарын күшейтіп жатыр. Сәуір айында АҚШ Иран мұнайын сатып алған Қытай мұнай өңдеу зауытына санкция салды. Ал Бейжің өз компанияларына бұл санкцияларды орындамауды тапсырған.
Сонымен қатар Қытай билігі мемлекеттік органдарға шетелдік компаниялар мен үкіметтерге қатысты тергеу жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа ережелер әзірлеп жатыр.