Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:18, 07 Қараша 2024

Әлеуметтік масылдық – экономиканың дамуын тежейді

 Патернализм
Фото: ашық дереккөз

Қазір патернализм мен әлеуметтік көмек мәселесі қоғамның еңбекке ынтасын төмендетіп, мемлекетке тәуелділікке алып келетін әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде сипатталады. Әлеуметтік масылдық – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін күрделі мәселелердің бірі.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті өмірлік қажеттілік ретінде қабылдап, өзін-өзі қамтамасыз етуге деген ынтаның азаюы қоғамның өз күшімен дамуына кедергі келтіруде. Бұл құбылыстар экономика мен әлеуметтік құрылымға кері әсер етумен қатар, қоғамдағы белсенділік пен ынталандыру факторларын төмендетеді. Бүгінде мемлекет мүмкіндігі жоқ жандарға әртүрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақыларды тағайындап, жұмыссыздықпен күресті жүргізіп келеді. Сондай-ақ білімі жоқ адамдардың кәсіптік оқуына жіті көңіл бөлініп, шағын және орта бизнес өкілдеріне жасалатын жағдай да молайды. Бірнеше жылдан бері жастардың ел игілігіне жұмыс істеуіне жол ашылып, шетелде оқуына қомақты қаражат бөлініп жатыр. Шыны керек, жұрт үшін жасалатын мұндай жан-жақты көмек бүгінде экономикасы көш ілгері кеткен елдердің өзінде аз. Солай бола тұра кейінгі жылдары жұмысқа қабілетті адамдар мен келешегі бар мамандықтың иелері де мемлекет беретін игілікті пайдаланып қалудан кет әрі емес екенін көріп жүрміз. Мысалы, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Бегман Нұрмахановтың айтуынша, жыл басынан бері департамент тарапынан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша барлығы 196 тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру қорытындысымен 51 нұсқама беріліп, жалпы 160 нысанға 34 млн 187 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Оның 33 млн 228 мың теңгесі өндірілген.

«Түркістан облысы елімізде көпбалалы отбасылар санынан көш бастап тұр. Бүгінгі таңда өңірде 120 549 көпбалалы отбасы жәрдемақы алады. Сондай-ақ 64 354 көпбалалы анаға департамент жәрдемақы белгілеген. Бұдан бөлек, 75 262 облыс тұрғыны мүгедектігі бойынша жәрдемақы алса, 21 839 азамат асыраушысынан айырылу себебінен мемлекеттік жәрдемақы алады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024-жылдың 1-қазан айындағы көрсеткіш бойынша облыста мүгедектігі бар адамдардың саны 100 029-ға жетіп, республикадағы жалпы мүгедектер санының 13,7%-ын құрады. Мүгедектігі бар адамдардың 15 189-ы кәмелет жасына толмағандар болса, қалған 84 840-ы 18 жастан асқан облыс тұрғындары», – дейді департамент басшысы.

Елдің болашағы – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен еңбегіне негізделген белсенді, бәсекеге қабілетті қоғамда. Осы бағытта табанды қадамдар жасау – Қазақстанның тұрақты дамуы мен гүлденуіне үлкен үлес қосары сөзсіз.

Әлеуметтанушы Әмірбек Айдарбектің айтуынша, әлеуметтік көмек масылдық психологияны тудыруы мүмкін. Зерттеушінің сөзінше, қазір жәрдемақыға бөлінетін қаржы ауыл, су, балық, орман шаруашылығына бөлінетін қаржыдан әлдеқайда көп. Мәселен, биыл жеті айда елімізде 198,5 мың тұрғын жұмысынан айырылуына байланысты төлем алған. Сонда биылғы төлемдердің жалпы сомасының өзі – 46,5 млрд теңгені құрап отыр. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, оның ішіндегі 148,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған.

«Патернализмнің күшеюіне бірнеше факторлар әсер етеді. Біріншіден, халықтың нақты кірісінің төмендеуі адамдарды мемлекет көмегіне тәуелді етеді. Экономикалық дағдарыстар, жұмыссыздықтың артуы, инфляцияның өсуі сынды ауыртпалықтар қоғамның әлеуметтік жағдайын қиындатады, нәтижесінде адамдар мемлекет тарапынан қолдауды өмір сүрудің негізгі көзі ретінде көреді. Екіншіден, тарихи тұрғыдан қарағанда посткеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда, мемлекетке тәуелділік кең тараған құбылыс. Кеңестік кезеңнен қалған әлеуметтік кепілдіктер жүйесі патерналистік көңіл күйдің қалыптасуына себеп болды. Бұл жүйеде мемлекет азаматтардың барлығын қамқорлыққа алып, оларға жұмыс, баспана және әлеуметтік қорғау қамтамасыз ететін. Қазіргі нарықтық экономикаға бейімделу барысында халықтың бір бөлігі осы ескі жүйені сағынып, мемлекетке жоғары үмітпен қарайды. Кеңес дәуіріндегі мемлекетке тәуелділік сезімі – бүгінгі қоғамдағы патернализмнің басты себептерінің бірі. Кеңестік жүйе халықтың тұрмыс-тіршілігін мемлекет жауапкершілігіне алып, жұмыспен, баспанамен және әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуді мақсат етті.

Қазақстанда табыс деңгейіндегі теңсіздік айтарлықтай байқалады. Статистика комитетінің 2023 жылғы деректеріне сүйенсек, ең төменгі жалақы мөлшері 70 000 теңгені құрайды, бұл инфляция мен тұтыну бағаларының өсімі жағдайында негізгі қажеттіліктерді өтеуге жеткіліксіз. Халықтың шамамен 5%-ы кедейлік деңгейінде өмір сүреді, ал жұмыссыздық деңгейі ресми түрде 4,9% болса да, шынайы цифрлар бұдан жоғары болуы мүмкін. Төмен жалақы мен жұмыссыздық жағдайында азаматтар мемлекетке тәуелді болуға мәжбүр. Мемлекеттік әлеуметтік көмек, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК), мемлекетке тәуелділікті күшейте түседі. 2021 жылы АӘК алушылар саны 1 миллионнан асты, ал бұл көрсеткіш елдегі әрбір жетінші адамға сәйкес келеді. Жәрдемақы алушылар санының көбеюі әлеуметтік көмектің жұмысқа деген ынта-жігерді азайтып, масылдыққа алып келу қаупін тудырады», – дейді.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы