Әлия Назарбаеваға қатысы болған «Оператор РОП» жұмысын тоқтатады
Әлия Назарбаеваға қатысы болған компания жеке заңды тұлға ретінде жұмысын тоқтатады.
Бұған дейін «Оператор РОП» аталған Greens Development компаниясы жеке заңды тұлға ретінде қызметін тоқтатады. Компания мемлекеттік «Жасыл даму» операторына қосылады. Осыдан кейін «Жасыл даму» оның құқықтық мирасқоры болады.
Бұл шешім компанияны қайта ұйымдастыру аясында қабылданған.
Greens Development 2022 жылға дейін кәдеге жарату алымын әкімшілендірумен айналысты. Қаңтар оқиғаларынан кейін компания мемлекет меншігіне өтіп, утильалым операторының функциялары «Жасыл дамуға» берілді. Ұлттық компанияға айналғанға дейін «Оператор РОП» компаниясы Әлия Назарбаевамен байланыстырылған.
Компанияның тарихында қаржы жымқыруға қатысты қылмыстық іс те бар. 2023 жылы сот үлестес компанияның қызметін жоғары бағамен сатып алу кезінде 26,8 млрд теңге жымқырылғанын анықтады. Іс бойынша үш адам жеті жылға бас бостандығынан айрылды. Ал 28,2 млрд теңге көлеміндегі талап «Жасыл даму» пайдасына қанағаттандырылды.
Мемлекеттік оператордың жұмысына қатысты да сұрақтар туындаған. Жоғары аудиторлық палата 2023 жылы утильалым қаражаты есебінен экологиялық жобаларды қаржыландырудың ашықтығына қатысты сын айтқан.
Аудиторлардың мәліметінше, «Жасыл даму» 15 бағыттың екеуін ғана қаржыландырған. Ал 2022 жылы жиналған 259 млрд теңге немесе утильалым төлемдерінің 99,6%-ы автокөлік өнеркәсібін қолдауға бағытталды.