Live

Алматы-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында бір адам көз жұмды

Алматы-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында бір адам көз жұмды.

пойыз

Куәгерлердің мәліметінше, 60 жастағы ер адамның денсаулығы Алға станциясы маңында күрт нашарлаған. Алдын ала болжам бойынша, жолаушының жүрегі тоқтап қалған болуы мүмкін.

Оқиға куәгерлері пойыз бастығы мен басқа да жолаушылар дәрігерлер келгенше ер адамға алғашқы көмек көрсетуге тырысқанын айтады. Алайда бұл жағдай жолаушылар арасында сұрақ туғызған. Олардың айтуынша, вагонда шұғыл көмек көрсетуге қажетті базалық құралдар, соның ішінде тонометр табылмаған.

Кейінірек Ақтөбе қаласында ер адамның денесі жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Дәрігерлер өлім дерегін тіркеді.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Қолданушылар теміржол көлігінің, әсіресе ұзақ жол жүру кезіндегі төтенше жағдайларға дайындығы мәселесін көтерді. Сондай-ақ, жолаушылар вагондардағы ыстық пен желдеткіш жүйесінің нашар жұмысына шағымданып, бұл факторлар жол үстінде адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартты.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ орын алған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Компанияның ақпараты бойынша, 27 сәуірде №033 «Алматы - Ақтөбе» пойызында 1966 жылы туған жолаушының денсаулығы нашарлаған.

«Пойыз бастығы шұғыл түрде алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыртты. Келген медицина қызметкерлері жолаушының қайтыс болғанын растады. Белгіленген талаптарға сәйкес, әрбір вагон әмбебап медициналық қобдишамен жабдықталған. Кондиционер штаттық режимде жұмыс істеп тұрды», - деп хабарлады компаниядан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз