Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:52, 10 Наурыз 2025

Алматы әуежайындағы шабуыл: Күдіктіге үш қылмыстық іс қозғалды

Әуежайдағы төтенше оқиға
Фото: видеодан скриншот

 Алматы халықаралық әуежайындағы төтенше оқиғаға байланысты 67 жастағы Машрапбек Баратовқа қатысты үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Құқық қорғау органдары күдіктіге келесі баптар бойынша айып тақты:

  1. Кепілге алу (ҚР ҚК 261-бабы, 2-бөлігі, 4-тармақ) – бұл бап бойынша жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған.

  2. Қару қолданып бұзақылық жасау (ҚР ҚК 293-бабы, 3-бөлігі) – үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар.

  3. Терроризм актісі туралы жалған хабарлау (ҚР ҚК 273-бабы) – 5000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Үшінші қылмыстық іс күдіктінің "сөмкемде бомба бар" деп жолаушыларды қорқытқаны үшін қозғалды.

Айта кетейік, 7 наурыз күні Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалында Машрапбек Баратов құжат тексеріп тұрған 21 жастағы Ботагөз Мұхтарованы кепілге алып, пышақпен айналасындағыларға сес көрсете бастаған.  Ол әуежай қызметкерлеріне және жолаушыларға қоқан-лоқы жасап, сөмкесінде бомба бар екенін айтқан. Сол күні әуежайда болған Мұса Әбдірайым кепілге қыздың орнына өзін ұсынып, кейіннен пышақты тартып алды.  Бұл ісі үшін Президент Тоқаев Мұса Әбдірайымды "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, ал күдікті екі айға қамауға алынды. 

Аманғалиева Диана Төлегенқызы

Тұран университеті, журналистика мамандығының 4-курс студенті

Тегтер: