Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

Алматы марафонында екі қатысушы көз жұмды

Марафон
Фото: pixabay

Алматы қаласында өткен Almaty Half Marathon жарысы кезінде екі адам – 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади қайтыс болды. Бұл туралы жарыс ұйымдастырушылары ресми сайттарында хабарлады.

Қайтыс болған екі азамат та жартылай марафон (21,1 км) қашықтығын жүгіріп өтпек болған. Жарыстың ресми деректеріне сүйенсек:

  • Аккоян Рсалиев жарыс басталғаннан кейін алғашқы шақырымда, Әл-Фараби даңғылы бойында өзін жайсыз сезініп, құлаған. Жедел жәрдем бір минут ішінде жеткенімен,жүрегі тоқтап қалған.
    Дәрігер Әлібек Хожаназаровтың айтуынша, алдын ала диагноз – өкпе артериясының тромбоэмболиясы. Сондай-ақ марқұмда бұрыннан артериялық гипертензия диагнозы болған.

  • Нұрбол Ахмади 16-шақырымда есінен танып құлаған. Жедел жәрдем жеткен кезде тіршілік белгілері болмаған.
    Дәрігер Айгерім Есдәулетованың мәліметінше, алдын ала болжам – өкпе артериясының тромбоэмболиясы және жедел жүрек жетіспеушілігі.

Екі жағдайда да медицина қызметкерлері реанимациялық шараларды хаттамаға сәйкес жүргізген, алайда нәтиже болмаған.

Ұйымдастырушылар не дейді?

"Бірінші болу батылдық" корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева:

"Жарысқа тіркелу кезінде барлық қатысушылар физикалық тұрғыда дайын екенін растап, өз денсаулығына толық жауапты екенін көрсететін қолхатқа қол қояды. Бұл – халықаралық тәжірибеде қабылданған ереже. Жыл бойы біз қатысушылар үшін тегін жаттығулар мен дәрістер ұйымдастырамыз. Жарыс күні барлық тамақтану нысандарында медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. Жолдар алдын ала полиция және жедел жәрдем қызметтерімен бірге пысықталады."

Қазіргі таңда нақты өлім себептері сот-медициналық сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болады. Қорытынды туыстарына жақын күндері хабарланбақ.

Айта кетейік, Almaty Half Marathon – Қазақстандағы ең ірі жүгіру шараларының бірі. 2025 жылғы жарысқа 40-тан астам елден 10 мыңнан астам адам қатысқан.

Тегтер: