Кенесары хан туралы әзілі дауға ұласқан қырғызстандық студенттер кешірім сұрады
Астанада білім алып жүрген Қырғызстанның екі студенті Кенесары хан туралы айтқан сөздерінен кейін қазақстандықтардан көпшілік алдында кешірім сұрады.
Олардың тікелей эфирде айтқан сөзі әлеуметтік желіде тарап, жұрттың наразылығын туғызды.
Қыздар тікелей эфир кезінде Кенесары ханның тарихи тұлғасын талқылаған. Сол сәтте олардың бірі соңғы қазақ ханының бас сүйегін меңзеп:
– Біз одан шарап ішеміз, – деген.
Одан кейін мұны Кенесары ханның «рухын қорлау үшін» жасайтыны туралы сөз айтылған.
Видео Қазақстанның әлеуметтік желілерінде жылдам тарады. Қолданушылар студенттердің сөзін ел тарихы мен Кенесары ханның рухына құрметсіздік деп бағалады. Кейбірі қыздардың әрекетіне құқықтық баға беруді және олардың Қазақстанда әрі қарай болу заңдылығын тексеруді талап етті.
Қоғамдық резонанстан кейін өздерін Аруке және Эдина деп таныстырған студенттер видеоүндеу жариялап, қазақ халқынан кешірім сұрады. Олар айтқан сөздеріне өкінетінін жеткізді.
Қыздардың айтуынша, олардың ұлтаралық араздық тудыру немесе қазақстандықтарды қорлау ниеті болмаған. Студенттер бұдан былай мұндай сөздерге жол бермеуге уәде берді.
Кешірім сұраған видео әлеуметтік желіде де әртүрлі қабылданды. Бірқатар қолданушы қыздар қателігін мойындағаннан кейін оларды қудалауды тоқтатуға шақырды. Ал енді бірі кешірімнің шынайылығына күмән келтіріп, видео қоғамның қысымынан кейін түсірілген деп есептейді.