Алматы облысындағы перзентханада нәресте еденге құлап, қайтыс болды
Оқиға 2026 жылғы 21 маусымда босанған әйелге қатысты болған. Бұл туралы марқұм сәбидің туысы Threads әлеуметтік желісінде жазған.
Жазбада келтірілген мәліметке сәйкес, босануға келген әйелді дәліз арқылы мүгедектер арбасымен босану бөліміне алып бара жатқан сәтте босану процесі басталып кеткен. Соның салдарынан нәресте дүниеге келген бойда арбадан еденге құлап түскен.
Туыстарының айтуынша, бастапқыда медицина қызметкерлері сәбидің жағдайы жақсы екенін айтып, оны анасына берген. Алайда келесі күні нәрестенің жағдайы күрт нашарлап, тамақ ішуден қалып, тыныс алуы қиындаған.
Сәби шұғыл түрде басқа медициналық мекемеге жеткізіліп, ота жасалғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Кейінгі тексеріс кезінде баланың жарақатпен түскені анықталғаны айтылды.
Туыстары перзентхана тарапынан жауапкершілік толық мойындалмай отырғанын алға тартып, тиісті органдарға арыз түсіретінін мәлімдеген.