Алматы соты қоғам белсендісі Айжан Мамешоваға қатысты үкім шығарды
Алматы қаласының соты қоғам белсендісі Айжан Мамешованы кінәлі деп танып, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Алайда сот рақымшылық туралы заңды қолданып, негізгі жазадан босатты. Сонымен қатар Мамешоваға бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, қорғау тарапы сот үкімімен келіспейді және оған апелляциялық шағым түсіреді.
«Біз бұл үкімді мүлде түсінбедік. Міндетті түрде шағымданамыз. Меніңше, бұл – қоғамды кез келген жолмен өзгертуге, адамдардың билікті немесе билік өкілдерін сынауына тосқауыл қоюға жасалған әрекеттердің бірі. Сот екі жылға бас бостандығын шектеу және бес жыл қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салу туралы үкім шығарды. Кейін рақымшылық қолданып, негізгі жазадан босатты. Үкім заңды күшіне енгенге дейін үйқамақтың күші жойылып, енді ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүреді. Біз сотқа Мамешова айтқан деректердің құжаттармен расталатынын дәлелдейтін көптеген материал ұсындық. Бірақ олар ескерілмеді. Сараптама да заң бұза отырып жүргізілген», – деді Ғалым Нұрпейісов.
Мемлекеттік айыптаушы бұған дейін Айжан Мамешованы бір жылға бас бостандығын шектеуді және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған болатын.
Еске салсақ, биыл қаңтарда Алматының Медеу аудандық соты Айжан Мамешоваға қатысты қылмыстық істі қарай бастаған еді. Ол Алматыдағы балалар үйі тәрбиеленушілеріне қатысты жағдайды жариялағаннан кейін көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыппен жауапқа тартылған.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Мамешоваға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етіп, оның жариялаған мәліметтері құжаттармен расталғанын мәлімдеген.