Алматыда 1300-ден астам жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылды
Алматыда тұрақты тексерулер мен қатаң жазаға қарамастан, мас күйінде көлік жүргізу деректері күн сайын тіркеліп жатыр.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері қалада мас күйінде көлік басқарудың 1 319 фактісі анықталған. Барлық құқық бұзушы жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мас күйінде ұсталған әрбір жүргізуші – ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін жол-көлік оқиғасының алдын алуға мүмкіндік.
Құқық қорғау органдары мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары тәулік бойы жүргізілетінін атап өтті. Полицейлер қала жолдарында рейдтер мен тексерулерді жалғастырып, алкоголь ішкеннен кейін рөлге отырған жүргізушілерді анықтап келеді.
Алматыда қанша жол апаты болды?
Еске салсақ, жыл басынан бері Алматы жолдарында 3 035 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 3 452 адам жарақат алып, 73 адам қаза тапқан.
Ең көп жол апаты Алмалы ауданында тіркелген – 501 жағдай.
Екінші орында Алатау ауданы – 473 жол апаты.
Ал жол-көлік оқиғалары ең көп тіркелген аудандардың алғашқы үштігін Бостандық ауданы түйіндеп тұр. Мұнда 456 жол апаты болған.