Әлеумет

Алматыда Bek Air иесі қамауға алынды

Алматыда атышулы Bek Air әуе компаниясының іс жүзіндегі иесі Нұрлан Жұмасұлтанов қамауға алынды.

 Нұрлан Жұмасұлтанов

Оның ұсталуы 2019 жылы болған әуе апатын тергеу барысында анықталған жаңа эпизодқа байланысты. Бұл туралы  Kozachkov offside телеграм арнасы жазды.

Қолда бар мәліметке сәйкес, 9 қыркүйекте Алматының тергеу соты Нұрлан Жұмасұлтановты екі айға қамауға санкция берген. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша аса ірі мөлшердегі ұрлық жасады деген айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Істегі тағы бір күдікті үйқамаққа алынған.

Іс Алматы әуежайының аумағында сақталған Fokker-100 ұшақтарының авиациялық қозғалтқыштарының жоғалуына қатысты бұрыннан жүргізіліп келе жатқан тергеумен байланысты.

Тергеудегі маңызды дерек 2019 жылғы 27 желтоқсандағы қайғылы апаттан кейін анықталған. Сол күні Bek Air ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін салынып жатқан үйге соғылып, 13 адам қаза тапқан.

Сараптама барысында апатқа ұшыраған ұшақта бұған дейін ұрланған қозғалтқыштардың бірі тұрғаны анықталған. Қозғалтқыш зауыттық нөмірі арқылы сәйкестендірілген. Тергеу нұсқасы бойынша, белгісіз адамдар қозғалтқышты консервацияда тұрған ұшақтан шешіп алып, Bek Air компаниясының коммерциялық рейс орындаған ұшағына орнатқан.

Бұл істі ұзақ уақыт Көліктегі полиция департаменті тергеген. Кейін Бас көлік прокуратурасы материалдарды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) берген.

Тергеу органдары авиациялық жабдықтың ұрлануына Bek Air басшылығы мен иелерінің қатысы болуы мүмкін деген тұжырымға келген. Осыдан кейін Нұрлан Жұмасұлтанов жауап алуға шақырылып, кейін ұсталған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз