Алматыда бұрынғы дін қызметкеріне тағылған айыптардың бірі алынып тасталды
Прокуратура Орыс православ шіркеуінің бұрынғы иеромонахы Иаков Воронцовтың ісі бойынша айыптау актісінен есірткі притонын ұстады деген айыпты алып тастады.
Бұл ақпаратты оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов растады.
Алайда Воронцовқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ. Оған есірткі заттарын сақтады деген айып әлі де тағылып отыр. Іс сотқа жолданған.
Иаков Воронцов 13 ақпанда Алматыда ұсталған. Бастапқыда полиция есірткі қолдануға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Ведомство мәліметінше, тінту кезінде ұнтақ тәрізді заттар тәркіленіп, медициналық куәландыру оның тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсеткен. Кейін сот бұрынғы дін қызметкерін қамауда ұстауға санкция берді.
Мамыр айында Воронцов психиатриялық сараптамаға жіберілген. Бұған дейін қорғаушы тарап оның созылмалы ауруы барын алға тартып, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шарасын таңдауды сұраған. Алайда сот айыптаушы тараптың ұстанымын қолдады.
Иаков Воронцов қазақ тілінде құлшылық рәсімдерін өткізген дін қызметкері ретінде танылған. 2024 жылы Мәскеу және бүкіл Русь патриархы Кирилл шіркеу сотының оны діни қызметкер мәртебесінен айыру туралы шешімін бекіткен.
Айыптардың бірінің алынып тасталуы қылмыстық істің толық тоқтатылғанын білдірмейді. Қалған айып бойынша Воронцовтың кінәлі не кінәсіз екенін сот анықтайды. Ал оның өзі бұл айыптармен келіспейді. Ұсталуының саяси астары бар деп есептейді.