Қоғам

Алматыда еңбек нарығына сұраныс жоғары мамандықтар саны артып келеді

Алматы қаласында жұмыспен қамту мәселесі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу, жаңа жұмыс орындарын құру және азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл шаралар тұрғындардың тұрақты табыс табуына және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.

1

Мамандардың айтуынша, бүгінде Алматыда білікті кадрларға сұраныс жоғары. Әсіресе білім беру, ақпараттық технологиялар, медицина, қаржы және құқық салаларындағы мамандар еңбек нарығында кеңінен сұранысқа ие. Сонымен қатар қызмет көрсету саласы да өзекті бағыттардың бірі болып қалып отыр. Аспаз, наубайшы, кондитер, шаштараз, визажист, тігінші және флорист сияқты кәсіптерге де жұмыс берушілер тарапынан тұрақты қажеттілік байқалады.

Еңбек нарығының сұранысына бейімделу үшін кәсіби оқыту бағдарламалары кеңінен қолданылып келеді. Қысқа мерзімді курстар азаматтарға жаңа мамандықты қысқа уақытта меңгеруге мүмкіндік береді. Мұндай оқыту бағдарламалары еңбек нарығындағы өзгерістерге тез бейімделуге және жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.

Алматыда кәсіби даярлау жұмыстары офлайн және онлайн форматта жүргізілуде. Қашықтан оқыту мүмкіндіктерінің кеңеюі еңбекке қабілетті азаматтардың жаңа білім мен дағдыларды игеруіне жағдай жасап отыр. Бұл әсіресе жұмыс тәжірибесін өзгертіп, жаңа салаға ауысқысы келетін азаматтар үшін тиімді құралға айналуда.

1

«Біздің басты міндетіміз — қаладағы еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санатын жұмыспен қамтуға жағдай жасау және мемлекеттік қолдау шараларын толық іске асыру. Бүгінде жұмыспен қамту бағдарламаларына сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Тек бірінші тоқсанда Еңбек мобильділігі орталығына 22,6 мың адам жүгініп, 9 мыңнан астам алматылық жұмыспен қамтылды», — дейді Бауыржан Жаубасов.

Ол Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бекіткен 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жүзеге асып жатқанын айтты. Яғни, тұрақты жұмыс орнын құруға көп көңіл бөлген.

«Жыл басынан бері қалада 2 820 жұмыс орны құрылды, оның 99,2%-ы — тұрақты жұмыс орны. Жалпы, биыл кемінде 51 мың жұмыс орны ашылмақ, оның 45 мыңнан астамы — тұрақты жұмыс. Бұл жұмыспен қамту құрылымын жақсартып, еңбек нарығының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», - деді басқарма басшысы.

Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау тек жұмыс іздеумен шектелмейді. Азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету, жаңа бизнес-жобаларды іске қосуға көмектесу және кәсіби біліктілікті арттыру бағытында да қолдау көрсетілуде. Бұл шаралар халықтың табысын арттыруға және экономикалық белсенділікті күшейтуге ықпал етеді.

Мемлекет жүзеге асырып жатқан еңбек нарығын дамыту шаралары жаңа жұмыс орындарын құруға және тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтардың санын арттыруға бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, тұрақты жұмыс орындарының көбеюі еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Алматы еңбек нарығының қарқынды дамып келе жатқан орталықтарының бірі саналады. Қалада кәсіби даярлау, қайта оқыту және жастарды қолдау бағдарламаларының іске асырылуы тұрғындардың сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне және еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасап отыр.

Тегтер: Алматы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз