Қоғам

Алматыда кене шаққан адамдар саны 11 пайызға өсті

Алматыда эпидемиологиялық маусым басталғалы бері кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінгендер саны 2023 адамға жетті.

Кене

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға көп. Зардап шеккендердің жартысына жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, мегаполисте кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелген. Екі науқас та кене энцефалитіне қарсы вакцина алмаған.

Мамандардың мәліметінше, биыл күннің ерте жылынуына байланысты кенелердің белсенділік маусымы әдеттегіден бұрын басталған. Алғашқы шағымдар наурыз айының басында тіркелген.

Қазір Алматыда кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бірінші кезең 26 наурыз бен 30 сәуір аралығында жүргізіліп, 2366 гектардан астам орман алқабы, саябақ пен сквер қамтылған. Екінші кезең 6 мамырда басталды. 17 мамырдағы мәлімет бойынша 661 гектардан астам аумақ өңделіп, жоспардың шамамен 28 пайызы орындалған.

Алматы дезинфекция орталығының директоры Айнұр Аққошқарованың сөзінше, өңдеу жүргізілген аумақтарда кенелер анықталмаған. Маусым басталғалы мамандар табиғи ортадан 41 кене ұстаған. Оның ішінде Президент саябағы аумағынан табылған бір кене қауіпті инфекция жұқтырған болып шықты. Сонымен қатар адамдардың денесінен алынған 187 кене зертханалық тексеруден өткізіліп, олардың төртеуінен инфекция анықталған.

Дәрігерлер кене шаққан жағдайда төрт тәуліктен кешіктірмей медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

Тегтер: Алматы Кене
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз