Алматыда көшені ЖИ-мен тазалаған әкімдік қызметкері қызметінен кетті
Алматыда көшелерді тазалау жұмыстары туралы есепте жасанды интеллект көмегімен өңделген фотосуреттер пайдаланылғаны анықталды.
Әлеуметтік желілерде жарияланған «дейін» және «кейін» түсірілген кадрларды қолданушылар салыстырып, олардың арасында күмән тудыратын ұқсастықтарды байқаған. Атап айтқанда, көлеңкелердің, түсіру бұрышының және кейбір детальдардың өзгеріссіз қалуы фотолардың өңделген болуы мүмкін деген пікірлерге себеп болды.
Оқиғаға байланысты Бостандық ауданы әкімдігі түсініктеме беріп, жауапты қызметкер өз әрекетін мойындағанын хабарлады. Осыған байланысты қызметтік тексеріс тағайындалмаған.
Нәтижесінде аталған қызметкермен еңбек шарты бұзылып, ол мемлекеттік қызметтен босатылды.