Алматыда мектеп бітіру кешінен кейін әл-Фараби даңғылында жол ережесін бұзған түлектер жауапқа тартылды
Әлеуметтік желілерде Алматыдағы әл-Фараби даңғылында мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен түсірілген видео кеңінен тарады.
Кадрларда жастардың жеңіл көліктердің терезесі мен люгінен денесін шығарып, көшеде шулап, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны көрінеді. Сондай-ақ олардың қауіпті маневр жасап, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіргені байқалады.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысы бар азаматтардың жеке басын анықтағанын мәлімдеді. Нәтижесінде төрт жүргізуші мен бір жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту органдары мектеп бітіру кештерін сән-салтанатпен өткізбеуге және жолдағы қауіпті шерулерден бас тартуға шақырған болатын.
Айта кетейік, биыл 21 наурызда дәл осы әл-Фараби даңғылында ірі жол-көлік оқиғасы болып, үш адам қаза тапқан еді. Кейін сот апатқа кінәлі деп танылған Александр Пакты 10 жылға бас бостандығынан айырды.