Алматыда Оразалы Ержановтың ісіне қатысты сот отырысы кейінге қалдырылды
Алматының Алмалы аудандық сотында «Elge Qaitaru» қорының жетекшісі Оразалы Ержановқа қатысты қоғам назарын аударған іс бойынша негізгі сот талқылауы өтіп жатыр.
13 мамырға белгіленген сот отырысына журналистерден бөлек, қоғам белсенділері де жиналған. Алайда сот процесі кейінге қалдырылды. Оған Оразалы Ержановтың адвокатының отбасылық жағдайына қатысты сотқа қатыса алмауы себеп.

Сотқа қатысушылар адвокаттың қатысуынсыз сот процесін жалғастыруды негізсіз деп тапты. Судья Руслан Мұратбеков сот отырысын кейінге қалдыру туралы шешім шығарды.
Оразалы Ержановқа қандай айып тағылған?
Оразалы Ержановқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150-бабы – «Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасау» бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметінше, ол 2026 жылғы референдум алдында Facebook парақшасында жариялаған жазбаларында азаматтарды «Egov» платформасы арқылы референдумға бойкот жариялауға үндеген. Айыптау тарапы мұны референдум өткізуге кедергі жасау әрекеті ретінде бағалап отыр.
Іс материалында Ержановтың Түркістанда дәл референдум күні Конституция жобасын талқылауға арналған құрылтай өткізуді ұсынғаны да көрсетілген. Прокуратура мұны саяси процестің заңды өтуіне ықпал ету әрекеті деп санайды.
Оразалы Ержанов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Facebook желісінде жариялаған жазбаларының барлығы заң аясында жасалған.