Әлеумет

Алматыдағы болған жол апатына қатысты үш бірдей қылмыстық іс тергеліп жатыр

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты үш бірдей қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бірнеше айдан бері қоғам назарында тұрған бұл оқиға бойынша күдіктілерге ауыр айыптар тағылған.

Жол апаты

Бірінші қылмыстық іс адам өліміне әкелген жол апатына қатысты қозғалған. Тергеу мәліметінше, күдікті П. мас күйінде көлік жүргізіп, салдарынан үш адам қаза тапқан.

Оған Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі — «Мас күйінде жол қозғалысы ережесін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу» бойынша айып тағылған.

Бұл бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Істің сотқа жолданғаны белгілі болды. 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында алдын ала тыңдау өтеді.

Екінші қылмыстық іс Алматы полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі болған полиция қызметкеріне қатысты қозғалған.

Ол Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы — «Ауыр зардаптарға әкелген қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша күдікке ілінген.

Аталған бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы көзделген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті қамауға алынған. Тергеу аяқталуға жақын, іс жақын уақытта сотқа жіберіледі.

Үшінші қылмыстық іс мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактісіне байланысты тергеліп жатыр.

Алматы прокуратурасы бұл іс Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі — «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша қаралып жатқанын хабарлады.

Бұл бап бойынша 3000 АЕК-ке дейін айыппұл, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз