Live

Алматыдағы «Көк базар» маңында көлік адамдарды қағып кетті

9 маусым күні Алматыда жаяу жүргіншілерді көлік қағып кетті.

1

Апат «Көк базар» маңындағы Зенков көшесінде, Жібек жолы мен Мақатаев көшелерінің арасында болған.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында бейберекет сауда жүріп жатқан, ал адамдар көліктердің маңында тұрған.

Алдын ала мәлімет бойынша, оңтүстік бағытта келе жатқан Audi 80 автокөлігі бір сәтте өшіп қалған. Жанындағылар жүргізушіге көмектесіп, көлікті итергеннен кейін ол қайта от алған.

Алайда куәгерлердің сөзінше, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Audi кенет алға ұмтылып, жол жиегінде тұрған адамдарды қағып кеткен.

Одан кейін көлік жол жиегінде тұрған Toyota Granvia шағын автобусымен соғысқан. Соққының әсерінен Toyota жанында тұрған Subaru Impreza көлігіне соғылған.

Куәгерлердің мәліметінше, жол апаты салдарынан бес адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Ал Audi жүргізушісі алдын ала ақпарат бойынша зардап шекпеген.

Оқиға куәгерлерінің бірі кейбір адамдардың көліктердің арасында қысылып қалып, ауыр жарақат алғанын айтты.

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы сағат 08:20 шамасында Медеу ауданында болған.

Полицияның мәліметіне сәйкес, Audi жүргізушісі Зенков көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, жолдың жүру бөлігінде тұрған бес жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Осыдан кейін көлік қозғалысын жалғастырып, жүргізушісі сыртта тұрған Toyota көлігіне соғылған. Ал Toyota инерциямен жүргізушісі көлік ішінде болмаған Subaru-ға соғысқан.

Жол апаты салдарынан бес адам жарақат алып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр.

Тегтер: жол апаты
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз