Әлеумет

Алматыдағы Райымбек батыр даңғылындағы BRT құрылысы LRT жобасына байланысты тоқтатылуы мүмкін

Алматыдағы Райымбек батыр даңғылы бойындағы BRT желісінің құрылысы LRT жобасына байланысты қайта қаралып жатыр.

BRT

 Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте жол қозғалысын ұйымдастыру саласының сарапшысы Ержан Чубеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінге дейін BRT жобасын жүзеге асыру туралы шешім күшінде болған. Алайда кейін дәл осы учаскеде екінші деңгейлі LRT желісін салу міндеті қойылған.

«Қоғамдық көлік қозғалысы қайталанып кетпеуі үшін қазіргі таңда жоба қайта қаралып жатыр. Қазір бірінші жолақтағы қоғамдық көлік қозғалысы зерттелуде», – деді Чубеков.

Сарапшының сөзінше, жоба әзірге тоқтатылған. Алайда оны қайта қарау қашан аяқталатыны нақты айтылмады.

Сонымен қатар Ержан Чубеков Райымбек батыр даңғылының Емцов пен Өтеген батыр көшелері арасындағы BRT инфрақұрылымы, бәлкім, толықтай бұзылатынын айтты.

Еске салсақ, 2025 жылдың сәуірінде Алматыда екі жаңа BRT желісінің құрылысы басталған болатын. Олар – Желтоқсан көшесі мен Райымбек батыр даңғылы бойындағы бағыттар.

Бастапқы жоспар бойынша құрылыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда қазір тек Желтоқсан көшесіндегі BRT желісі іске қосылды. Ал Райымбек батыр даңғылындағы жобаның мерзімі 2026 жылға шегерілген.

Өткен жылы екі жобаның жалпы құны 44,8 миллиард теңге деп бағаланған.

Сондай-ақ 2026 жылы Райымбек батыр даңғылындағы BRT құрылысына бюджеттен 25 миллиард теңге бөлу жоспарланғаны хабарланған еді.

Тегтер: LRT жобасы BRT
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз